Мәжілістегі маңызды заң жобалары сайлаушыларға жанжақты түсіндіруді қажет етеді - Н. Нығматулин
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Парламент депутаттары онкүндік сапармен өңірлерге шығып, сайлаушылармен кездеседі.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата спикері Нұрлан Нығматулин мәлім етті.
«Парламент депутаттарына тоқсан сайын сайлаушылармен кездесу үшін он күн уақыт беріледі. Сондықтан 5 сәуірден бастап, бәріміз аймақтарға шығамыз. Соған орай біріншіден, сапарға сәттілік тілеймін. Екіншіден, атқарылып жатқан жұмыстар бойынша партия фракциясының ұсыныстары негізінде барлық мәселелер айқындалды. Соған байланысты өткен сапардағы секілді сайлаушылармен, еңбек ұжымдарымен тікелей кездесулер өткізіп қайтуымыз керек», - деді Н. Нығматулин.
Сонымен қатар, төраға Мәжіліс қоржынында бірқатар маңызды заң жобалары бар екендігін, олардың басым бөлігі сайлаушыларға жан-жақты түсіндіруді, талдауды қажет ететінін жеткізді.