Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы заң жобасын Үкіметке жібермек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы заң жобасын Үкіметке жіберетін болды.
Мұндай шешім бүгін Мәжіліс вице-спикері Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен фракцияның кеңейтілген отырысында қабылданды.
«Бүгін қарастырылып отырған «Өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы» заң жобасына біздің фракция жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес бастамашы болған еді. Ол мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кеңес алаңында бірнеше мәрте тыңғылықты қаралды. Бұған қоса, заң жобасы фракция мен Ұлттық палатаның бірлескен жұмыс жоспарына сәйкес әзірленді»,- деді отырысты ашқан Д.Назарбаева.
Заң жобасы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың мазмұнын, қағидаттарын, құқықтық мәртебесін айқындайды және кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің мүдделерін қорғау, олардың шығарылған тауарларды тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін күшейту және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға қатысушылардың қызметін мемлекеттік реттеуге және бақылауға байланысты бюджет шығындарын азайту жөніндегі біртұтас мемлекеттік экономиалық саясатты іске асыруға бағытталған.
Сонымен қатар заң жоабсын қабылдау өзін-өзі реттейтін ұйымдардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беріп, бизнес ортаға мемлекет түсіретін әкімшілік жүктемені азайтады.