Мәжілістен түскен бірқатар заң жобалары Сенат Бюросының отырысында талқыланды

АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Парламент Сенатының Бюро отырысы болды.

Мәжілістен түскен бірқатар заң жобалары Сенат Бюросының отырысында талқыланды

Отырыста Парламент Мәжілісінде мақұлданған заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттері мен палата Аппаратына бөлініп берілді.

Атап айтқанда, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне «2010 жылғы 5 шілдедегі Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының Статутына өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы одан әрі зерделеуге берілді.

Осы комитетке «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да берілді.

Ал Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік монополия мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын одан әрі пысықтайтын болды.

Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға және ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.

Бюрода одан басқа 2012 жылғы 17 мамырда болатын палата отырысының күн тәртібіне ұсыныстар да қаралды.

Палата отырысында «2010 жылғы 5 шілдедегі Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының Статутына өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарау жоспарланды.

Сондай-ақ еліміздің қолданыстағы кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға және ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланады.