Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетіне жаңа төраға сайланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісі Берік Оспановты Аграрлық мәселелер комитетінің төрағалығына сайлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитеті төрағасы басқа қызметке ауысуына байланысты біз комитет төрағасын сайлауымыз қажет. Осы орайда заңнамаға сәйкес, бос орынға депутат Берік Серікұлы Оспановтың кандидатурасын ұсынамын», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин палатаның жалпы отырысында.
Депутаттар Берік Серікұлы Оспановтың кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Айта кетейік, Берік Оспанов Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ретінде қызмет етуде. Осыған дейін біраз жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарды. Ол заңгер мамандығын меңгерген, сондай-ақ экономика ғылымдарының докторы дәрежесін алған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаровтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Жақында Сапархан Кесікбайұлы Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне тағайындалды.