Мәжілістің алғашқы жалпы отырысының күн тәртібі белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен Мәжіліс Бюросы өтті. Онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметінен хабарланды.

Мәжілістің алғашқы жалпы отырысының күн тәртібі белгілі болды

Жалпы отырыстың күн тәртібінде бірқатар ратификациялық құжаттарды жұмысқа қабылдау мәселесі қаралды. Атап айтқанда, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкімен Қазақстанда офистер құру және олардың жұмыс істеуі туралы, сонымен қатар, Македониямен инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімдерді ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылатын болады. Бұдан бөлек, депутаттар жалпы отырыста азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша жұмысты одан әрі жалғастыруды талқылайды. Заң жобасында үлестік меншікті иелену, пайдалану және оған билік ету мәселелерінде азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында мүлікті белгіленген тәртіппен бөліп шығару мүмкін болмаған жағдайда, соттың оны жария саудаға салып сату туралы шешім қабылдауы бойынша императивті норма белгілеу қарастырылады.

Еске сала кетейік, алдағы аптада алтыншы шақырылған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясындағы алғашқы отырысы өтетін болады.