Мәжілістің бірінші Бюро отырысында Елбасы белгілеген басымдықтар талқыланды

Палатаның алдағы уақытта өтетін отырысында Мәжіліске келіп түскен жаңа заң жобаларының қорытындыларын дайындау мерзімін анықтау ұсынылды.
Бұлар - «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2018-2020 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» қаржылық заңдар жобасы. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің жобасы және ілеспе түзетулер бар.
Мәжіліске тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша жаңа заң жобасы, әкімшілік құқықбұзушылық, есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау туралы түзетулер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне түзетулер келіп түскен.
Құжаттардың ішінде ратификацияланатын актілер де бар. Олар -Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы Шарты мен 1996 жылғы 9 желтоқсандағы Нью-Делиде жасалған Қосарланған салық салуды болдырмау туралы Конвенция мен Хаттама.
Мәжіліске түскен ратификацияланатын пакеттер мен түзетуге енгізілетін 2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы Келісім мен осы сынды Қазақстан мен Норвегия арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді атап көрсетуге болады.
Жаңа заң жобаларының қатарында «Ұстап беру туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы, сондай-ақ Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ұстап беру, сотталған адамдарды беру туралы Келісімді ратификациялау туралы актілер күн тәртібінің жобасына енгізілген.
Сондай-ақ, палата депутаттарының пленарлық отырысында ратификациялық құжаттарды, атап айтсақ, Қазақстанның Сербиямен сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы келісімшарты қарау ұсынылды.
Бүгін Бюро отырысында «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өткізу туралы шешім қабылданды.