Мәжілістің Бюросы жалпы отырыстың күн тәртібін қалыптастырды
ТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сарапқа салынды,
деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бірқатар заң жобаларын депутаттардың талқысына шығару жөніндегі ұсынысы қаралды. Атап айтқанда, «Кеден одағының және Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктің ерекшеліктері туралы шартты ратификациялау туралы», «Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының қылмыстық істер мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша құқықтық көмегі және өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы», «Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобалары жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізілетін болды.
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Газ және газбен жабдықтау туралы» және соған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда қарауды ұсынды.
Палатаның Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізу туралы» заң жобасының депутаттар талқысына шығарылатынын хабарлады.
Үкіметтен Мәжіліске келіп түскен жаңа заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралатын болды. Бюро отырысында Мәжілістің заң шығармашылық ісіне қатысты басқа да мәселелер қаралды.