Мәжілістің қоғамдық палатасы діни бірлестіктер жөніндегі мәліметтер базасын құру қажет деп есептейді
АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Парламент Мәжілісінің қоғамдық палатасының өкілдері елімізде діни бірлестіктер жөніндегі мәліметтер базасын құру қажет деп есептейді. Қоғамдық палатаның «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын талқылаудан соң жасалған қорытындысында көрсетілген.
Естеріңізге сала кетейік, Мәжілістің қоғамдық палатасының отырысы бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде өтіп, аталмыш шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен дін саласының өкілдері қатысты. Қорытындыда сонымен қатар Қазақстанға әкелінген діни материалдарға міндетті түрде талдау жүргізу, діни ұйымдармен байланысты жұмыс істейтін мемлекеттік орган өкілдерінің діни сауатын арттыру, діни наным сенім бостандығының қорғау тетіктерін нығайту сияқты бірқатар мәселелер қарастырылған.