Мәжілістің комитет отырысында сыбайлас жемқорлықты жоятын заң жобасы қаралды

АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашевтың жетекшілігімен Комитеттің кеңейтілген отырысы өтіп, оның жұмысына Палата төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко қатысты.

Мәжілістің комитет отырысында сыбайлас жемқорлықты жоятын заң жобасы қаралды

Басқосуда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әртүрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, олқылықтарды, қақтығыстарды және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу барысы  талқыланды.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, депутат Мұхтар Тінікеев заң жобасының жұмыс тобына 129 ұсыныс түсіп,  Салыстырма кестеге 128-і енгізілгенін, заңнаманы жетілдіру мақсатында «Нормативтік құқықтық актілер туралы», «Әкімшілік рәсімдер туралы» және «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңдарға түзетулер енгізу көзделіп отырғанын мәлімдеді.

Комитет отырысына Президент Әкімшілігі, Жоғарғы сот, Бас прокуротура, Әділет, Ішкі істер  министрліктерінің өкілдері қатысты.

Отырыста  комитет мүшелері аталған заң жобасын Мәжілістің жалпы отырысына шығару жөнінде шешім қабылдады.