Мәжілістің Регламентіне өзгерту мен толықтырулар енгізіледі
АСТАНА. Қазанның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Регламентіне өзгерту мен толықтырулар енгізіледі.
Бүгін Мәжіліс Бюросының отырысында заң жобаларының дайындығымен бірге Палата Регламенті туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Палата Регламентіне түзетулер енгізу үшін ұсыныстар әзірлеу жөнінде ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко қысқаша түсінік берді. 1996 жылғы ақпанның 8-де Палата қаулысымен қабылданған Мәжіліс Регламентіне 2007 жылғы қазанның 17-де толықтырулар енгізілді. Бүгінгі таңда заң жобаларының Палатада қаралу үдерісіне қатысты өзгерістер енгізу қажеттігі туындап отыр.
Бюро отырысында Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов Палата Регламентіне енгізілетін түзетулерге үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін, қараша айының соңына дейін салалық комитеттер өз қорытындыларын уақытша комиссияға беруі қажеттігін айтып өтті.
Айта кету керек, Парламент Мәжілісінің Регламенті осы Палатаның отырыстарын өткізу тәртібін реттейді. Сондай-ақ Мәжілістің жұмыс органдарын құру тәртібін, депутаттардың өкілеттігін жүзеге асыруға қатысты мәселелерді қарастырады.
Парламент Мәжілісінің Регламенті, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Палатаның жалпы отырыстарында Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және Парламент Мәжілісінің қаулысымен бекітіледі.