Мәжілістің салалық комитетінде өрт қауіпсіздігіне қатысты заң жобасы қаралды
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат - Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшелері «Өрт қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың мәлімдеуінше, заң жобасын қабылдаудың мақсаты халықты, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлкін олардың қауіпсіздігінің жай-күйін бағалау саласына мемлекеттік бақылау органдарымен қатар тәуелсіз сарапшы ұйымдарды қосу арқылы қорғау деңгейін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы бақылау органдары жүзеге асыратын тексерулер санын қысқарту есебінен қорғау обьектілеріне әкімшілік жүктемені азайту болып табылады. Әрі оларға мүмкіндіктер жасап, әрі штаттық инструкторларды көбейтпей бюджет шығынын да азайтады. «Жалпы біздің қоғамға ең қымбатымыз - адам өмірі екені туралы түсінікті қалыптастыруымыз керек!», - дейді министр.
Ал, депутат Айткүл Самақова «Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тілсіз жаудың жанымызда жүргенін насихаттайық, Үкімет қаржы бөлсін»,- деді.
Білім және ғылым министрлігі биылғы оқу жылының басында тұңғыш рет тілсіз жауға қарсы интерактивтік сабақ жүргізген. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі ай сайын журнал шығарып насихатын жүргізеді.