Мәжілістің тұрақты комитеттерінің ұсыныстары Бюро мүшелері тарапынан қолдау тапты

АСТАНА. Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының отырысы болып өтті,

Мәжілістің тұрақты комитеттерінің ұсыныстары Бюро мүшелері тарапынан қолдау тапты

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжілістің жалпы отырысында Палатаның Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің ұсынуымен «Өрт қауіпсіздігі туралы» Заңға Қазақстанда өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыға түсетін болды. Сондай-ақ аталған комитет «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заң жобасын да талқыға салуды ұсынды.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда, Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да бірінші оқылымда талқыға шығару жөнінде ұсыныс жасады. Бұл ұсынысқа Бюро мүшелері қолдау білдірді.

Сонымен қатар «Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары Палатаның жалпы отырысының күн тәртібіне енгізілетін болды. Сол секілді «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 1 көлік дәлізі [Жамбыл облысындағы учаскелер][«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі] Инвестициялық бағдарлама - 2-жоба) ратификациялау туралы» заң жобасын қарауды Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ұсынып отыр.

Бюро отырысында бірқатар заң жобаларына Парламент Сенаты енгізген түзетулер мен өзгерістер де жалпы отырыста қаралады. Үкіметтен жуырда келіп түскен жаңа заң жобаларын өндіріске алу мәселесі де күн тәртібіне шығарылады.