Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында бірқатар маңызды заң жобалары қаралмақшы
АСТАНА. Қазанның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазанның 20-сы, сейсенбі күні Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысы өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Комитет отырысында бірқатар заң жобалары қаралмақшы. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Азаматтық және коммерциялық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы туралы депутат Николай Турецкий мен ҚР Әділет министрінің орынбасары Марат Бекетаев түсінік береді.
Депутат Шалатай Мырзахметов пен ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаевтың «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы 2003 жылғы 25 желтоқсандағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде баяндамалары тыңдалады.
Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген толықтырулармен өтетін талқылауға шақырылып отыр. Депутат Жақып Асанов осы жобаның Палатада талқылануы жайлы хабарлама жасайды.
Осы отырыста депутат Светлана Бычкованың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрi күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат түзетулері бойынша хабарламасы тыңдалады. Осы жоба бойынша ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы) төрағасының орынбасары Андрей Лукин баяндап береді.
Сол секілді комитет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын (1 - оқылым) қарайды. Бұл жоба туралы депутат Рамазан Сәрпеков пен ҚР Әділет министрінің орынбасары Марат Бекетаев түсініктеме береді.