18:11, 22 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Мәжілістің жалпы отырысы өтеді
АСТАНА. Желтоқсанның 22-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Ертең, желтоқсанның 23-і күні ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы өтеді. Онда Палатаның салалық комитеттерінің ұсынысымен күн тәртібі жобасына 16 мәселе енгізілген,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жалпы отырыста «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің шекаралық ынтымақтастығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы қаралады.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Француз Республикасының Yкiметi арасындағы Қаржыландыру туралы хаттаманың күшін жою туралы» заң жобасы депутаттар талқысына шығарылады. Аталған хаттамада Алматы қаласының сумен қамтамасыз ету және кәрiз инфрақұрылымын оңалту мен жаңғырту жобасы қарастырылған болатын.
Сонымен қатар жалпы отырыста кейбір заңдарға міндетті және өзара сақтандыру, салық салу, балық шаруашылығы мәселелері бойынша қос Палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстары қаралады.