Мәжілістің жалпы отырысына «Магистральдық құбыр туралы» заң жобасы шығарылады

АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен Палата Бюросының отырысы өтті.

Мәжілістің  жалпы отырысына «Магистральдық құбыр туралы» заң жобасы  шығарылады

Онда алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сарапқа салынды.

Бұл жөнінде Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарлады.

Аграрлық мәселелер комитетінің ұсынуымен«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыға шығарылатын болды.

Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Палатаның талқысына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымға шығаруды ұсынды.

Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен  толықтыру енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы, соған сәйкес ілеспе заң жобасы бірінші оқылымда талқығы салынатын болады.

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің ұсынысы бойынша «Магистральдық құбыр туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне магистральдық құбыр мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда депутаттар талқысына шығарылмақ.

Үкіметтен келіп түскен «2009 жылғы 22 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралды.