Мәжілістің жалпы отырысында халықаралық маңызды келісімдерді бекітуді көздейтін заң жобалары талқыға түседі
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Ертең, Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Депутаттар талқысына негізінен халықаралық маңызды келісімдерді бекітуді көздейтін заң жобалары ұсынылады.
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігінің және Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қажеттері үшін Астана қаласы мен Бішкек қаласында ғимараттар мен жер учаскелерін өтемсіз пайдалануға өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыға салынады. Ол бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев баяндама жасайды.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбеков «Венада 1968 жылғы 8 қарашада қол қою үшін ашық Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияны толықтыратын Еуропалық келісімді ратификациялау туралы» және «Венада 1968 жылғы 8 қарашада қол қою үшін ашық Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияны толықтыратын Еуропалық келісімге Жол таңбалары туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасайды деп күтіліп отыр.
Сондай-ақ ҚР ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев парламентшілер алдында сөз сөйлейді, ол екі заң жобасы бойынша түсінік береді. Атап айтқанда, «2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының ветеринарлық-санитарлық шаралар жөніндегі келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобалары талқыға салынады.
Сонымен бірге жалпы отырыста басқа да заң жобалары қаралады.