Мәжілістің жалпы отырысында үш министр баяндама жасайды
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат - Ертең, ақпанның 17-сі күні өтетін Мәжілістің жалпы отырысына Үкіметтің үш мүшесі келеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы баяндама жасайды. Бұл заң жоба бірінші оқылымда талқыға түседі.
Сонымен қатар ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі «Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша да түсінік береді.
Осы күні депутаттар ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың баяндамасын тыңдайды. Ол «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 1 көлік дәлізі [Жамбыл облысындағы учаскелер][«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі] Инвестициялық бағдарлама - 2-жоба) ратификациялау туралы» заң жобасының мақсаты туралы түсіндіреді. Сондай-ақ ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заң жобасының маңызын алға тартады.
Жалпы отырыста бірқатар заң жобаларына Парламент Сенаты енгізген түзетулер мен өзгерістер, Үкіметтен жуырда келіп түскен жаңа заң жобаларын өндіріске алу мәселесі де қаралады.