Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібі қалыптастырылды

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сарапқа салынды, деп хабарлайды Мәжілістің Баспасөз қызметі.

Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібі қалыптастырылды

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» және соған сәйкес ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда қарауды ұсынды.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынысымен «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізілетін болды.

Палатаның Заңнама және сот-құқықтық реформа «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының екінші оқылымда депутаттар талқысына шығарылатынын хабарлады.

Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жобалық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен жұмысты жалғастыру жөнінде ұсыныс білдірді.

Үкіметтен Мәжіліске келіп түскен «Қаржыландыру туралы негіздемелік келісімді (ҚАЗ: ОАӨЭЫ 2 көлік дәлізі (Маңғыстау облысының учаскелері) инвестициялық бағдарламасы) ратификациялау туралы», «Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартын және Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартына нұсқаулықты ратификациялау туралы» жаңа заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралатын болды.

Бюро отырысында Мәжілістің заң шығармашылық ісіне қатысты басқа да мәселелер қаралды.