Мәжілістің жұмыс аптасы бекітілді
АСТАНА. Қазанның 24-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазанның 26-сы мен 30-ы аралығындағы Парламент Мәжілісінің апталық жоспары бекітілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазанның 26-сы, дүйсенбі күні Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің жұмыс тобының отырысында сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күресті одан әрі күшейтуді көздейтін заң жобасы қаралады. Сондай-ақ осы комитеттің жұмыс тобы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» және соған сәйкес бірқатар заңдарға түзету енгізуді қарастыратын заң жобасын талқыға салады.
Осы күні Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде құрылған жұмыс тобы «Энергия үнемдеу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарауды одан әрі жалғастырады.
Сейсенбі, бейсенбі және жұма күндері Палатаның барлық салалық комитеттерінде құрылған жұмыс топтарында бірқатар заң жобалары талқыланады.
Қазанның 28-і, сәрсенбі күні Мәжілістің жалпы отырысы өтеді деп жоспарланған. Ал жұма, қазанның 30-ы күні Мәжіліс Бюросының отырысы өтетіні белгіленіп отыр.