Мәжілістің жұмыс тобында мемлекеттік рәміздер туралы заңға енгізілген өзгерістер талқыланды

АСТАНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық  актілеріне мемлекеттік рәміздер мәселелері бойынша өзгерістер мен  толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Мәжілістің жұмыс тобында мемлекеттік рәміздер туралы заңға енгізілген өзгерістер талқыланды

Естеріңізге сала кетейік, палата аталмыш заң жобасын өткен аптадағы жалпы отырыста өндіріске алған болатын.

Жұмыс тобының отырысы барысында депутат Майра Айсина мемлекеттік рәміздердің мемлекеттік құрылыстағы, елдік идеологиядағы, жастарды патриоттық тәрбие бағытындағы рөліне тоқтала келе, мемлекет рәміздерінің Қазақстан Тәуелсіздігінің ажырамас атрибуттары екендігін атап өтті. Сондай-ақ депутат алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.

Заң жобасына қатысты Үкіметтің берген қорытындысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын, сондай-ақ олар бейнеленетін материалдық бұйымдарды жасап шығару қызметінен лицензиялауды алып тастау туралы ұсыныс қарастырылған. «Өйткені бұндай лицензиялау жолы арқылы мемлекеттік рәміздердің белгіленген стандарттарын сақтау және мемлекеттік нышандарға құрмет білдіру секілді мақсаттарға қол жеткізілмейді», делінген Үкімет қорытындысында.  

Заң жобасымен жұмыс жалғасып, құжат жұмыс тобы шеңберінде бұдан әрі де талқыға түсетін болады.