Мәжіліс 2024 жылдың нақтыланған бюджетін талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің қарауына «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті.
«Заң жобасы екі негізгі бағыт бойынша республикалық бюджет көрсеткіштерінің өзгеруіне байланысты әзірленді. Біріншіден, 2024 жылға арналған кірістердің нақтыланған болжамы бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмендеумен айқындалды. Бұл ретте, Ұлттық қордан мақсатты трансферт түрінде қосымша 2 трлн теңге тарту жоспарланған», - деді депутат Татьяна Савельева Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, шығыстар мен бюджет тапшылығының параметрлері Үкімет жүргізген бюджеттік түзетулерді ескере отырып өзгертілген. Бұл тұрғыда 2023 жылға арналған бюджет қаражатының 61,3 млрд теңге сомасындағы қалдығы пайдаланылмақ.
Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің нақтыланған шығыстары бекітілген көрсеткішке қатысты 61,3 млрд теңгеге өседі деп ескерілген. Сондай-ақ 2024 жылдағы республикалық бюджеттің тапшылығы 3,6 трлн теңгені құрайды.
Биыл қазан айында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Үкіметтің Ұлттық қор қаражатын жұмсауын сынға алды. https://kaz.inform.kz/news/ulttik-kor-karazhatin-paydalanu-praktikasin-dogaru-kazhet-mazhls-toragasi-65c919/
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қордың түсімі мен алымында кері баланс қалыптасқанын мәселе етіп көтерді.
Үкімет 2030 жылға қарай Ұлттық қордың валюталық активтерін 100 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.