Мәжіліс Астана мен Бішкектегі дипломатиялық нысандар туралы келісімді қарауға алды
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы дипломатиялық өкілдіктерге арналған ғимараттар мен жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалану туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын қарауға алды.
Құжат Мәжілістің жалпы отырысында таныстырылды. Депутат Айдос Сарым келісімге 2025 жылғы 22 тамызда Бішкек қаласында қол қойылғанын мәлімдеді.
— Келісімнің мақсаты – Астана мен Бішкек қалаларында Қазақстан мен Қырғызстан елшіліктерінің, сондай-ақ екі елдің Төтенше және Өкілетті елшілерінің резиденцияларына арналған ғимараттар мен жер телімдерін өзара өтеусіз пайдалануға беру, — деді депутат.
Оның айтуынша, құжатта жер учаскелері мен ғимараттарды беру тәртібі мен пайдалану шарттары нақты көрсетілген.
— Комитет заң жобасын қарап, тиісті қорытынды әзірлеуге дайын. Қолдауларыңызды сұраймын, — деді Айдос Сарым.
Дауыс беру нәтижесінде шешім бірауыздан қабылданды. Жалпы отырысқа қатысқан 85 депутаттың барлығы заң жобасын қолдады.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысымен кездескені туралы жазған едік.