Мәжіліс депутаты Гүлдара Алданышқызы: Дәрігердің мәртебесін әлі де көтеру қажет

Мәжіліс депутаты
Фото: parlam.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін ғана сегізінші сайланған Парламенттің екінші сессиясы қорытындыланып, депутаттар каникулға кетті. Сессия бойы халық қалаулылар халықтың тыныс-тіршілігін жақсарта түсуге бағытталған бірқатар іргелі заңдарды қабылдады.

Солардың бірі медицина қызметкерлерін қолдауға және жалпы денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған заң болғаны сөзсіз. Осыған орай үнемі медицина мәселесін көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Гүлдара Алданышқызын сөзге тартқан едік.

– Гүлдара Алданышқызы, ұзақ жылдар бойы медицина саласында жемісті еңбек еттіңіз. Бұл саланың жетістіктері мен кенже қалған тұстары өзіңізге барынша таныс. Мәжілістің мінберінен де медицина мәселелерін көтерген бірнеше мәрте депутаттық сауал жолдадыңыз. Палатаның жалпы отырысында да, комитеттің талқылауларында да еліміздің әлеуметтік саласына қатысты заң жобаларын қарау барысында да үнемі белсенділік танытып келесіз. Жалпы бүгінде медицинаның талқылауды қажет ететін қандай мәселелерін айта аласыз ?

– Бүгінде еліміздегі медицина әлдеқайда ілгерілеп, ірі және прогрессивті жетістіктерге жетіп жатқанын көріп отырмыз. Әрине, оны жоққа шығаруға болмайды. Заманауи ауруханалар ашылып, жоғары технологиялық әрі құны қымбат құрал-жабдықтар сатып алынып жатыр. Бұл өз кезегінде науқастардың дертіне нақты диагноз қою мен емдеу ісінде оң нәтиже береді. Дегенмен әлі де болса түйткілді мәселелер бар. Әсіресе соңғы жылдары, яғни әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры жүйесі енгізілгелі өзекті мәселелердің қатары артып, күрделене түсті және де оларды күн құрғатпай, кезек күттірмей тез арада шешу керек.

Ең алдымен, денсаулық сақтаудың жетекші және негізгі бөлігі ретінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету жүйесіне басымдық берілу қажет. Мәселен, 1978 жылы әлемнің жүзден астам елінің арнайы өкілдері Алматыда бас қосып, медициналық-санитариялық алғашқы көмек туралы Алматы декларациясын қабылдады. Ол жерде МСАК дамытудың негізгі қағидалары көрсетілген. Құжатқа Қазақстан да қол қойды. Бірақ қазір сол құжаттағы талаптар толық орындалмай отыр.

Халық ең бірінші, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін мекемелерге, яғни, емханаларға және отбасылық дәрігерлік амбулаторияларға жүгінеді. Кім қандай ем қабылдау керек, қандай дәрігерге қаралу керек, ауруханаға жатқызу керек пе, барлығын солар бағыттап отырады. Сондықтан бұл салаға ерекше көңіл бөлу керек.

– Жуырда Денсаулық сақтау министрінің онкологиялық науқастарды емдеуге бөлінетін қаржының қысқаратыны туралы жаңа бұйрығы жарияланды. Мәжілістегі әріптестеріңіз өз қарсылығын білдірді. Осы мәселеде сіздің маман ретіндегі пікіріңіз қандай ?

– Жалпы онкологиялық қызмет туралы айтатын болсақ, өкінішке қарай, бүгінде онкологиялық қызметтің өзіне қойылған талаптардың тиісті үдесінен шыға алмай отырғанын айта кеткен жөн.

Мемлекет басшысы онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту үшін тиісті міндеттерді белгілеп берді. Осылайша, Қазақстан Республикасында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді. Мақсаты – ерте диагностиканы жақсарту, мүгедектікті азайту және онкологиялық науқастардың өмір сүру сапасын жетілдіру. Онкологиялық қызметті қаржыландыру көзі ұлғайды. Бірақ, өкінішке қарай, көңілден шыға қоятын нәтижелерді көрмей отырмыз.

Біздің қоғамдық қабылдауымызға қатерлі ісікке шалдыққан науқастар түрлі мәселелерін айтып келеді. Көбінесе онкологиялық науқастар ақылы негізде диагностикалық тексеруден және емдеуден өтуге мәжбүр. Тіпті, басқа елдерден ем іздеп, өз қаражаттарына жеке клиникаларға баруға және қызметтерді ақылы түрде алуға мәжбүр болатыны көңілді қынжылтады.

Осы ретте, бөлініп жатқан әлгі миллиардтар қайда кетіп жатыр деген заңды сұрақ туады.

Науқастардың туыстары жақынын аман алып қалу үшін бар жиғанын салып, тіпті пәтері мен көліктеріне дейін сатуға мәжбүр.

Бүкіл әлемде тиімді инновациялық иммундық терапияның дәрілік препараттары қолданылады. Мен бұл мәселені депутаттық сауалымда көтергем. Бұл препараттардың көптеген артықшылықтары бар: олардың токсинділігі (уыты) төмен, пациенттер жеңіл көтереді, өмір сүру ұзақтығы 8 жылға дейін, тәулік бойы стационарда жатудың қажеті жоқ, иммундық препараттармен емдеу амбулаториялық негізде жүргізіледі, науқас қоғамнан алшақтамайды, еңбекке қабілеттілігі мен белсенділігі жоғалмайды. Өйткені тәулік бойғы стационарда емделу мемлекет үшін қымбатқа түседі. Біле білсек, осы препараттарды ойлап тапқан ғалымдар Нобель сыйлығын алған. Бүкіл әлемде иммундық терапияның дәрі-дәрмектерімен емдеудің қарқынды заманауи әдісі қолданылады, алайда біздің елде бұл тәсілдер кең ауқымда қолданылмайды. Бізде тек 3 препарат қана тіркелген. Емдеуге тиімді бұл дәрілерді тіркеуге және оны кәдеге жаратуға не кедергі? Бұл өте үлкен сұрақ. Қымбат ауруханада емделу қажеттілігінің жоқтығы мен науқастардың жанына да, тәніне де қатты бататын ауыр химиотерапияны салыстырмалы түрде есептейтін болсақ, әлемдік емдеу тәсілімен емдеу құнының айырмашылығы аса үлкен емес. Бірақ ең бастысы – дәрінің тиімділігі және азаматтарымыздың денсаулығы маңызды!

Тағы бір үлкен сұрақ: жыл соңында онкологиялық диспансерлердің есепшотында неліктен қомақты миллиардтаған сома қаражат қалып қояды ?

Мысалы, Алматы онкологиялық диспансерінің есепшотында өткен жылдың соңында 6 миллиард теңгеден астам қаражат қалған. Республика бойынша жалпы сомасы 32 млрд теңгеге жуық. Яғни онкологиялық диспансерлердің жыл аяғында алған қаржысы жинала келе миллиардтаған соманы құрап отыр.

Ең алдымен, бұл жерде медициналық ұйымдардың ақшасын соңғы сәтке дейін жібермей ұстап отыратын МӘМС қорының жауапкершілігі төңірегінде сұрақ туады. Неліктен медициналық мекемелер қаржының жетіспеушілігінен жыл бойы зардап шегіп келеді және неге аталған Қор қаражатты жыл соңында ғана береді? Дәрі-дәрмек сатып алуға қатысты да көптеген сұрақтар туындап отыр.

Қысқасы, аудиторлық тексеру жүргізу қажет деп есептейміз және біз депутаттар Міндетті медициналық сақтандыру қорын, оның ішінде онкологиялық қызметтің жұмысын Жоғарғы есеп палатасының тексеруіне бастамашылық етіп жатырмыз.

Бюджетті 20 пайызға қысқарту қаншалықты орынды екенін де терең талдау қажет деп есептеймін. Әрине, біз ішкі жағдайды, ондағы ішкі процестерді білмейміз. Денсаулық сақтау министрлігі мәселені қайта қарап, бір пысықтап, дұрыс шешім қабылдауға уәде берді.

– Сіз бұған дейін медицина түлектерінің дәрігер атана алмай жүргендігі туралы мәселе көтерген едіңіз. Сол мәселе өз шешімін тапты ма ?

– Бұл мәселе әлі шешімін таппай тұр. Бұл жерде «Медикалық-профилактикалық іс» факультетінің барынша қажеттілігі туралы мәселені қайта қарау керек деп есептеймін. Бұл менің ғана пікірім емес, көптеген дәрігердің ойы осыған саяды. Түлектер медициналық университетті бітіргенімен, дәрігер болып шыға алмайды. Бұл мәселені біржақты етпесе, онда аталған факультетке адам қабылдап, маман түлетіп шығаруды біржола қысқарту қажет.

– Елімізде медицина саласы дамып келе жатқаны жиі айтылады. Бірақ соңғы жылдары мүдегектігі бар балалардың саны артып барады. Мұның себебі неде ?

– Өкінішке қарай, біз бала мүгедектік алған кезде оның салдарымен күресіп әлекпіз, бірақ оның себебімен жұмыс істеу керек. Оның басты себебі – балалардың, әсіресе жаңа туған нәрестелердің денсаулығына байланысты диагноздарды ерте анықтау проблемалары. Жаңа туған нәрестелерді бақылауды перзентханада скринингтік тексеруден бастау керек.

Педиатриялық көмек стандартында барлық перзентханаларда жаңа туған нәрестелерді неонаталдық, офтальмологиялық және аудиологиялық скринингтен өткізу міндетті болуы керек деп көрсетілген. Тәжірибеде аудиологиялық және офтальмологиялық скринингтер негізінен шала туған нәрестелер үшін тәуекел топтарына сәйкес таңдамалы түрде жүргізіледі.

Жаңа туған нәрестелерді ерте тексеру қажет. Ол үшін еліміздің балық өңірінде генетикалық анализ жасайтын зертханалар болу керек. Бүгінде ол Астана, Алматы секілді үлкен қалаларда ғана бар. Бұл, әрине, арзанға түспейді. Есесіне кейін мемлекет емдеуге, оңалтуға, жәрдемақыға және т.б. қажеттіліктерге миллиардтаған қаражат жұмсап шығынға ұрынбайды. Басты орында науқастың және оның жақын туыстарының өмір сүру сапасы тұруы қажет.

Мен жаңа туған нәрестелерді скринингтік тексеру қажеттілігін өзімнің депутаттық сауалдарымның бірінде көтердім. Ерте анықтау көп жағдайда науқасты емдеуге көмектеседі, ал егер ем қонбаса, онда дерттің ары қарайғы өршуін тежеп, ауыр салдары мен мүгедектік деңгейін төмендетеді.

Сондай-ақ Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне перзентханада тек фенилкетонурия мен муковисцидозға ғана емес, 32 генетикалық ауруға барлық жаңа туған нәрестелердің тұқым қуалайтын ауруларын міндетті скринингтік тексеруді енгізу қажет. Ал мұндай тәжірибе көрші елдерде бұрыннан бар.

Сирек кездесетін аурулардың 90%-ы генетикалық болып келеді. Оның үстіне елімізде генетик мамандарының тапшылығы мәселесі де өткір болып тұр.

– Соңғы уақытта жедел жәрдем қызметкерлеріне жасалатын қастандық туралы жиі айтылып жүр. Дәрігерлердің қауіпсіздігі қаншалықты қорғалған ?

– Қазіргі уақытта медицина қызметкерлері тиісті деңгейде қорғалмаған.

– Қазіргі таңда сынға жиі ілігетін жүйенің бірі – МӘМС. Мұның тиімсіздігі қоғамда жиі көрініс тауып жатады. Жалпы, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру халық үшін тиімді жұмыс істеуі үшін қандай өзгерістер енгізу қажет ?

– МӘМС жүйесін түбегейлі өзгерту керек. Қор алдына қойылған тапсырмаларды игере алмады, яғни «Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ еліміздің медициналық көмек жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысы сәтсіз болды деп айтуға келеді.

Сәйкесінше, Қор медициналық мекемелерді үлкен кредиторлық қарызға батырып, олардың дамуын тежеді, соның салдарынан халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасының төмендеуіне әсер етеді. Қаржының тиімсіз бөлініп жатқаны анық байқалады.

Қазір көп жағдайда науқастар дәрігерлердің қабылдауына жазыла алмайды, қажетті тексерулерден өтуге, қаржыландырудың жеткіліксіздігінен жоспарлы операцияларға жату үшін амал жоқ кезек күтеді, ал бұл кезде басқа ұйымдардың есепшотында миллиардтаған ақша жатады.

Кемшіліктердің толық жауапкершілігі «Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ-ның мойнында. Себебі ӘМСҚ монополист ретінде өзіне жоспарлау, тарифтерді белгілеу, тендер өткізу, қаржы бөлу, мониторинг, талдау, тексерулер, айыппұл салу сынды шектеусіз өкілеттіктердің бәрін өз қолына алып алған. Мұнда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері өте жоғары.

Мемлекет басшысы ӘМСҚ жұмысында тәртіп орнатуды тапсырған болатын. Әріптестерім денсаулық сақтау саласын және Қор жұмысын қаржыландыру мәселесін бірнеше рет көтерген. Алайда жағдай оңалар емес, керісінше қиындап барады.

Жағдайды жақсартудың бір жолы – жүйені цифрландыру және медициналық сақтандыру нарығы үшін бәсекеге қабілетті орта құру.

Сонымен қатар бүкіл билікті «Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ-ның уысына ұстатып қоймай, шексіз өкілеттіктерді алып тастау қажет.

Мәселен, медициналық ұйымдар жыл басынан бері қаржысыз, аз ғана аванспен жұмыс істеп келеді. Себебі оларға қаңтар айының қаржысы маусым айында ғана аударылды. Әлі ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, маусым айларының ақшасын алған жоқ. Соның салдарынан медициналық мекемелер толыққанды жұмыс істей алмай, шаруашылық жұмыстарын жүргізе алмай, дәрі-дәрмек, азық-түлік, коммуналдық қызмет, тұрмыстық керек-жарақтар үшін ақысын төлей алмай, тіпті жалақыны да уақытында бере алмай отыр. Ашығын айтқанда ақшасыз жұмыс істеп жатыр. Ал халықтың барлық шағымы ең алдымен емхана мен ауруханаға айтылады. Бірақ бұл меселенің басы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жатыр. Осыдан кейін медициналық ұйымдар қалай жұмыс істей алады? Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайын кешеуілдейді. Себебі – цифрландыру жүйесін жетілдірмеген, оны ӘМСҚ-ның өзі тежеп отыр. ӘМСҚ көлемді халық қаржысын банктердегі депозиттерге салып, дивидендтер алады, олардың қайда жұмсалып жатқаны да белгісіз.

– Жуырда орфандық ауруларға шалдыққан науқастар жанайқайын жеткізді. Олардың сөзінше, салалық министрлік сирек кездесетін дертке шалдыққандарға қажет дәрі-дәрмек алуды қайырымдылық қорларының мойнына жүктеп қойған. Бұл адамдардың өміріне қауіп төндірмей ме ?

– Депутаттар осы мәселеге орай Денсаулық сақтау министрлігі, ауыр дертке шалдыққан науқастар, қоғамдық және емдеу мекемелері, «Қазақстан халқына» қоры өкілдері дөңгелек үстел өткізіп, сирек кездесетін дертке шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Артынша Денсаулық сақтау министрлігі орфандық дертке шалдыққан науқастарды қаржыландыру туралы шешім қабылдады. Бұл халық үніне құлақ асатын мемлекеттің айқын мысалы.

– Пандемиядан кейін, денсаулық сақтау саласын жетілдірудің маңыздылығы артты. Бірақ дәрігерлердің жетіспеушілігі әлі де өзекті болып тұр. Өңірлердегі дәрігер тапшылығын қалай жоюға болады ?

– Бұл мәселе облыстарға ғана емес, қалаларға да қатысты болып отыр. Дәрігерлер тапшылығының бір себебі – медициналық жоғары оқу орындарында оқыту мерзімінің ұзаруымен байланысты.

Дәрігерлерге шектен тыс талап қою, науқастардың сыйламауы, өктем қарым-қатынасы, әлеуметтік желілердегі қаралаулар, дәрігерлерге шабуыл жасап, тіпті күш қолдану, олардың қорғалмағандығы, сот шығындары – осының бәрі бұл мамандықтан іргені аулақ ұстауға итермелеп, тіпті оқу орнын бітіргеннен кейін де кейбір түлектер медициналық жұмысқа бармайды.

Демек, дәрігердің мәртебесін одан әрі көтеру қажет.

Қазір AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге жұмысқа барған медицина қызметкерлеріне 100 айлық ең төменгі жалақы деңгейінде бір реттік көмек беріледі. Бұл бүгінгі 8,5 млн теңге. Әрі бұл сома жыл сайын көбейіп тұрады.

Сонымен қатар жуырда еліміздің денсаулық саласын басқаруға жаңа министр тағайындалды. Ақмарал Шәріпбайқызының осы салада нағыз маман екені даусыз. Алдағы уақытта көптеген күрделі мәселелердің оң шешімін табатынына сенім білдіргім келеді. Дәрігерлер кей жағдайда өз денсаулығынан бұрын халықтың денсаулығына көбірек алаңдайды.

Соңғы жаңалықтар
telegram