Мәжіліс депутаты министрліктен цифрландыруды тежеп тұрған әкімдерді атауды талап етті

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен елімізде жер саласында цирфландыруға назар аудармай отырған әкімдерді атауды талап етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Цифрландыру
Фото: ҚазАқпарат

«Біз жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры базасын енгіздік. Яғни жер сласында цифрландыруды жалғастырып жатырмыз. Оны Цифрлық даму министрлігі мен мемлекеттік корпорация іске асырып жатыр. Кейбір облыс және қала әкімдіктері цифрландыруға кедергі жасап жатқаны байқалды. Олар кейбір ақпаратты бермей, уақытын созып келеді. Тіпті, кейбір ақпаратты жасырып отыр. Мендегі ақпарат бойынша бұл тізімге 7-8 облыстың әкімі кірді. Жалпы, осы өңірлердің әкімдерін нақты атаңыздар. Оларды тексеріп, жауапқа тарту керек. Облыс және қала әкімдерінің аты-жөнін атаңыздар», - деді Б. Базарбек.

Өз кезегінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов кейбір әкімдіктер тиісті деңгейде ақпарат бермей жататынын растады.

«Кейде жергілікті атқарушы органдар толық ақпаратты жібермейтін жағдайлар бар. Біз сауал жолдап, ақпаратты толықтырып жатамыз. Біз өз құзыретіміз шегінде жазбаша жауап беруге дайынбыз», - деді Ә. Тұрысыов депутатқа қарата айтқан сөзінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасы мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыру және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмысын жетілдіру мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттарының бастамасымен дайындалды.