Мәжіліс депутаты оқушылардың білімін бағалаудың БЖБ, ТЖБ жүйесін алып тастауды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Мұғалімдерді бюрократиялық есеп беру міндеттемелерінен босатып, тек оқыту мен тәрбиелеуге назар аударуына жағдай жасау керек. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа сауал жолдаған депутат Қайрат Балабиев айтты.

Мәжіліс депутаты оқушылардың білімін бағалаудың БЖБ, ТЖБ жүйесін алып тастауды ұсынды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

— Биылғы Тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы: «Қазір — білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді» деп білім саласына байланысты ұстанымын нықтады. Жалпы, білім беру стандарттарына, оқыту әдістемесіне, оқулыққа енгізілетін кез келген өзгерісті өте мұқият саралау қажет екендігін де атап өтті. Себебі, білім саласында ешқандай қателікке жол беруге болмайды. Бір қателіктің салдары өте ауыр болуы мүмкін деп нақты міндет жүктегенін баршамыз білеміз, — деді ол.

Оның атап өтуінше, соңғы жылдары білім, ғылым саласында ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артып, 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1 200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп ашылды. Тағы 30-ға жуық мектептер салынып жатыр. «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр екі ұстазымыз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Бұл — барша ұстаздар қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі.

Осы орайда депутат Президенттің жүктеген міндеттері аясында «AMANAT» партиясының фракциясы ұсыныстарын жария етті. 

— Бірінші, бастауыш сыныптарда (1-4 сыныптар) «Әліппе», «Ана тілі», математика пәндерін негізгі етіп қалдырып, дамыту қажет деп санаймыз. Баланың білімді қабылдау физиологиялық мүмкіндіктеріне байланысты бұл ұсыныс эксперттермен талқылануы тиіс. Бұдан бөлек, 2016 жылғы стандартқа сәйкес балалардың балабақшадағы әріптерді, буынды қосып оқуды меңгеруі талабын қайта қарап, 1-ші сыныпта балалардың «Әліппемен» әріп үйрену, буынға қосып оқу секілді оқу сауаттылығының терең қалыптасып, дамуына мән берілуі тиіс, — деді Қайрат Балабиев.

Ол екіншіден жоғары сыныптарда мамандығына байланысты кәсіби бағдар негізінде баланың болашағына қажетті қазақ тілі, қазақ әдебиеті, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, тарих, құқық негіздері, шет тілдерін тереңдетіп оқыту жүйесін жетілдіру қажеттігін алға тартты.

— Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың бөлім жиынтық бағалау (БЖБ), тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) секілді формалды жүйелерді білім үдерісінен алып тастауды және бағалау тәсілін құндылыққа, жеке даму прогресіне бағыттауды қолға алу қажет, — деді ол.

Мәжілісмен үшіншіден балабақшалардан бастап барлық орта мектеп бағдарламасына еңбекке баулу, шығармашылыққа үйрету және тұлғалық дамуға бағытталған бірыңғай әдістемені енгізу керектігін айтады.

— Президенттің тапсырмасына қарамастан, бірыңғай мектеп формасы әлі енгізілген жоқ. Әр мектеп өз талаптарын қойып, ата-аналарды қымбат киім алуға мәжбүрлеп отыр. Білімге қолжетімділік тек оқу құралдарымен емес, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Осыған байланысты «әлеуметтік әмиян» жүйесін тиімді іске қосып, нақты көмекке мұқтаж отбасыларға автоматты қолдау тетіктері қажет, — деді Мәжіліс депутаты.

Қайрат Балабиев төртіншіден, мұғалімдерді бюрократиялық есеп беру міндеттемелерінен босатып, тек оқыту мен тәрбиелеуге назар аударуына жағдай жасауды, бесіншіден, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын тәжірибеге негізделген және нақты құралдармен жабдықталған жүйеге көшіруді ұсынды.

Жалпы отырыс барысында мәжілісмен Нұргүл Тау Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, мдициналық туризм саласында бірыңғай оператор құру қажеттігін айтты.

Соңғы жаңалықтар