Мәжіліс депутаты өзен жағасының ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзартуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туарлы Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған Мақсат Толықбай айтты.

Мақсат Толықбай
Фото: parlam.kz

«Қазір еліміздің тең жартысы қарғын судың астында қалды. Жылдағы әдет. Көктем келеді, Үкіметтің көп уәдесі көлкіп суға кетеді. «Тасқынға тас-түйін дайынбыз, төтенше жағдай болса, төтеп береміз», – делінетін көпірме баяндамалардан көк тиын пайда жоқ. Осыған байланысты Мәжілістің бір топ депутаты су басқан өңірлерге барып, мән-жайға тікелей қанықтық. Тұрғындармен кездесіп, нақты ахуалмен таныстық. Алдағы уақытта да аталған өңірлерге тағы да барып, жағдайды бақылауда ұстайтын боламыз. Иә, апат айтып келмейді. Бірақ қардың қалың жауғанын көз көрді ғой. Мәселе – жергілікті әкімдіктер мен Үкіметтің арасында байланыстың жоқтығында. Салдармен ғана күресіп келеміз. Топан су мен сел тұрмақ, әлемде цунами мен вулканнан қорғану шараларын қабылдаған елдер бар. Ал біздің кейбір аудандарда дайын тұруы тиіс қайық пен су етіктің өзі атымен жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігінің нормативі орындалмаған. Әкімдік пен министрліктердің арасында байып-баға жоқ», - деді ол.

Депутаттың атап өтуінше, су саласында білікті маман тапшы. Гидролог, гидротехниктердің кешенді жұмысы жоқ. 

«Мемлекет басшысының: «Ешкім назардан тыс қалмайды, зардап шеккен тұрғындарға түгел көмек көрсетіледі», – дегені, дертке дауа, көңілге медет. Бірақ, комиссия шығынды есептеп, үйлер салынғанша кемі 4-5 ай уақыт кетеді. Осы кезде малмен жан бағып отырған ағайын төрт-түлігін тастап қайда барады? Малы өрісте, өздері аудандағы колледжде жайбарақат жатады дейсіз бе? Ертең ел-жұрттың есін шығаратын тағы бір мәселе бар! Алыстағы ауылдарда суға кеткен кейбір үйлердің әлі күнге дейін құжаты жоқ. Қора-қопсысы мен құлағында сырғасы жоқ малдары туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақ ауылдағы қорасына қашан құжат рәсімдетіп еді? Оларды қайтеміз? Далада қала ма? Осы жағын да ойластыру керек», - деді Мақсат Толықбай.

Оның айтуынша, қауіптің басы қайтты деуге әлі ерте. Алда СҚО, Павлодар, ШҚО тұр. Алтайда қар енді ери бастады. Марқакөл мен Катонқарағайда 2 метр қар жатыр. Осыған орай депутат

Үкіметке келесі ұсыныстарды жолдады:

•⁠ ⁠Қазақстандағы барлық өзендердің жағасының ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту және тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жағасынан қашық әрі биік жерлерге қоныстандыру;

•⁠ ⁠ірі және және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасау, аса қауіпті аумақтарда су қоймаларын салу, сондай-ақ су соратын дренаждар мен насостарды қайта орналастыру;

•⁠ ⁠өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету;

•⁠ ⁠гидротехник-инженер мамандардын дайындауға көңіл бөлу;

•⁠ ⁠биылғы төтенше жағдай жарияланған жерлердегі шаруалардың барлық ауыл шаруашылығы несиелерін төлеуді үш жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастыру.