Мәжіліс депутаты сақтандыру полистерін «кепілзат» ретінде қолдануды ұсынды
Мәжіліс дептутаты Айдарбек Ходжаназаров екінші деңгейлі банктерге өз қалауы бойынша астық қолхаттарын тұрлаулы кепіл ретінде қабылдауға мүмкіндік беруді ұсынды, деп хабарлайды Kazinform.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржыландыру алудағы тағы бір проблема – кепілзат мүлігінің тапшылығы. Әлемде фермердің негізгі активі де, кепілзаты да – жер. Қазақстанда әзірге жер нарығы дамымыған», - деді ол Мәжілісте өткен дөңгелек үстел барысында.
Осы орайда Мәжіліс депутаты кепілзат тапшылығы проблемасын шешу үшін бірқатар ұсыныс жасады. Алдымен квазимемлекеттік сектор субъектілерінен кепілдік беру құралын кеңейту қажеттігін айтты. Бұл шара банктерге аз кепілдікпен несие беруге мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар сала ашықтығын арттыруға назар аудартты.
«Бұл шара кредиторлардың фермерлерге деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Ол үшін біз АӨК-те мамандандырылған кредиттік рейтинг құру бастамасын көтердік. Сонымен қатар сақтандыру полистерін «кепілзат» ретінде қолдану тәжірибесін енгізуді, екінші деңгейлі банктерге өз қалауы бойынша астық қолхаттарын тұрлаулы кепіл ретінде қабылдауға және оларда азық-түлік қалыптастырмауға заңды мүмкіндік беруді ұсынамын», - деді Айдарбек Ходжаназаров.