Мәжіліс электромобиль иелерін тұрақта ақы төлеуден босататын заңды қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Электромобиль
Фото: Midjourney

Бұл заңға Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашы болып, палата 2024 жылғы 17 қаңтарда бірінші оқылымда мақұлдады. Заңның мақсаты - электрмобильдер инфрақұрылымын дамыту.

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мәліметінше, құжат аясында ҚР Жер кодексіне, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Автомобиль жолдары туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Электр энергетикасы туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жол жүрісі туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Заңның негізгі нормалары:

- «электромобиль» және «электрқуаттау станциясы» деген жаңа ұғымдарды енгізуге;

- жолдарды жобалаған кезде электрқуаттау станцияларын орналастыру үшін бөлек орындар бөлуге;

- электрқуаттау станцияларын жол бойындағы сервис объектілеріне жатқызуға және олар үшін жекелеген орындар белгілеуге;

- аумақты егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында электрқуаттау станцияларын орналастыру үшін, оларды тұрғын және қоғамдық аймақтарда орналастыруды қоса алғанда, резервке қоюға;

- жергілікті атқарушы органдардың әуежайларда, вокзалдарда, 1 және 2-санаттардағы тұрақты сауда объектілерінде, сауда базарларында, театрларда, цирктерде, кинотеатрларда, мәдени-демалыс ұйымдарында, сондай-ақ алаңдарда, даңғылдарда, көшелерде, орамдарда электрқуаттау станциялары бар таксилердің тұрағын ұйымдастыру және жабдықтау жөніндегі функцияларын белгілеуге;

- ерекше қорғалатын аумақты жоспарлау жобасында электр желілеріне қол жеткізе алатын электрқуаттау станциялары бар тұрақтар үшін орындарды орналастыруға;

- электромобильдердің тұрағы үшін арнайы бөлінген орындарды бөлуге;

- электромобильдердің иелерін орынтұрақ жерінде ақы төлеуден босатуға бағытталған.

Заңды екінші оқылымда талқылау кезінде депутаттар қосымша түзетулер енгізді. Бұл тұрғыда электрқуаттау станцияларын орналастыру үшін ортақ пайдаланудағы жерлерден уақытша жер пайдалануға жер учаскелерін беру, сондай-ақ облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың және ауданның әкімдігіне электрқуаттау станцияларын орналастыру туралы шешім қабылдау жөнінде құзырет беру ескерілген. Мұнымен қоса, электр энергиясын қосу, пайдалану және тұтыну кезінде электрқуаттау станцияларының қауіпсіз жұмыс істеуі бойынша талаптарды белгілеуге қатысты толықтыру енгізілді.

Сондай-ақ депутаттар «Автомобиль көлігі туралы» және «Жол жүрісі туралы» заңдарына тиісті түзетулер енгізді. Онда автобустар мен троллейбустар жүргізушілерінің жасын жиырма үш жасқа дейін төмендетуді және олар үшін кемінде үш жыл жұмыс өтілін белгілеуді ұсынды, ал «D1» кіші санатындағы жүргізушілер үшін жұмыс өтілі кемінде бір жылды құрауы тиіс.

Соңғы жаңалықтар