Мәжіліс геологиялық барлауға қатысты заңға Сенат енгізген түзетумен келісті

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына Сенаттың жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптарымен келісті, деп хабарлайды Kazinform.

Мәжіліс
Фото: ortalyq.kz

«Қаралып отырған заңға Парламент Сенатының депутаттары бірқатар нақтылау түзетулерін енгізді. Бұл ретте, 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін жасалған шарттар мен берілген лицензиялар бойынша Мемлекеттік комиссияның функцияларын сақтау ескерілген. Сонымен қатар, пайдалы қатты қазбалардың ресурстары мен қорларын бағалау туралы есепте жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы мәліметтерді жасыратын немесе жалған мәліметтер беретін адамдар үшін жауапкершілік белгіленген. 26 желтоқсанда Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысында Сенаттың түзетулері талқыланып, бірауыздан қолдау жасалды. Осы ретте, біздің комитет аталған заңға Сенат енгізген түзетулермен келісуді ұсынды», - деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Жалпы отырыста палата депутаттары осы ұсынысқа қолдау білдірді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралды. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.

«Заңды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында қарау барысында геологиялық барлауға инвесторларды тарту мақсатында жаңа кен орындары үшін KazRC халықаралық стандарттарын ендіре отырып, 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған және берілген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар мен лицензиялар үшін ғана Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысын сақтау бөлігінде түзетулер енгізілді», - делінген Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметінде.