Мәжіліс ғылым мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер енгізетін Заңды мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады. 

«Әділдік жолы» азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Заң үстемдігі» жобасын бастады
Фото: otyrar.kz

Ғылым саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленген Заңда жергілікті атқарушы органдарға ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру құқығын беру көзделген. Атап айтқанда, өңірдің басым бағыттары бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды ұйымдастыру және іске асыру бойынша құзыреттер енгізілді.

Сондай-ақ, құжатта жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінде ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысатын педагогтерге, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғылыми қызметкерлерге негізгі жалақыға қосымша ақы белгілеу жөніндегі нормалар көзделді.

Заң қолданыстағы заңнамаға «ғылыми әдеп» ұғымын енгізді, Сондай-ақ уәкілетті органның ғылыми әдептің үлгілік қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттіктерін айқындады.

Мұнан бөлек құжатта жер қойнауын пайдаланушылар субъектілерінің қаражаты есебінен іске асырылатын ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды жүргізу тәртібі регламенттелді.

Мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер беруге, сондай-ақ жатақханада тұрғын үй алуға басым құқық беру туралы нормалар енгізілген.

Депутаттар заңды қабылдап, Сенат қарауына жіберді.