Мәжіліс ғылым және технологиялық саясат жөніндегі заңды қабылдады

Мәжіліс
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында  «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңы мен ілеспе құжаттар екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Аталған заң жобаларын Парламент Мәжілісі биылғы 6 наурызында бірінші оқылымда мақұлдады. Заң ғылым және технологиялық саясат мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруге бағытталған.

Атап айтқанда, заң жобасында Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылыми жүйесін дамыту тетіктері көзделеді, ғылыми қызмет субъектілері, олардың құқықтары айқындалады, Ұлттық ғылым академиясының құқықтық мәртебесі, Ғылым қорының қызметі және ғылыми қызметті қаржыландыру тетіктері бекітіледі.

«Заң жобаларын қарау барысында депутаттар тиісті түзетулер енгізді. Біріншіден, зерттеу университеті мәртебесін беру тәртібін реттеу, зерттеу университетінің жанынан ғылыми орталықтар ашу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындау үшін жұмсалған қаражаттың 100 пайызын салық шегеріміне жатқызу ұсынылды. Бұл ретте бизнес ғалымдардың зерттеулерін өндіріске енгізіп, ғылыми орталықтар мен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік болады», - деді Мәжіліс депутаты Таңсауле Серіков.

Ілеспе заң жобасына және Салық кодексіне ҚР Үкіметінің ұсынысы бойынша заң жобасы аясында бірқатар түзетулер қарастырылған:

- платформалық жұмыспен қамту арқылы қызмет көрсететін өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту және рәсімдеу;

- халықаралық мамандандырылған көрме аумағын көрмеден кейінгі пайдалануды реттеуді ұйымдастыру үшін мүлікке жеңілдікті салық ставкасының қолданылу мерзімін ұзарту;

- пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық ставкаларын кезең-кезеңімен арттыру.

Соңғы жаңалықтар