Мәжіліс Ыстықкөлдегі Қазақстан меншігіндегі 4 санаторийге қатысты құжатты қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілеріне Қазақстанның меншік құқықтарын реттеу туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заңы қабылданды.

Мәжіліс
Фото: Мәжіліс

Сонымен қатар, палата депутаттары 2009 жылғы 1 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заңды қабылдады.

- Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы аумағында Қазақстанның меншігі ретінде танылған келесі 4 санаторий жұмыс істеп тұр. Олардың арасында: Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы қарамағындағы «Қазақстан» санаторийі, Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Самал» демалыс үйі, «Университет» спорттық-сауықтыру лагері, сондай-ақ Туризм және спорт министрлігінің «Олимп» демалыс базасы бар, - деді Қаржы министрі Мәди Такиев.

Тараптардың объектілер бойынша өзара іс-қимылдары, екі елдің Үкіметтер деңгейінде жасалған төмендегі халықаралық шарттар аясында жүзеге асырылады:
– біріншіден, «2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы» Келiсiм.

– екіншіден, «2009 жылғы 1 желтоқсандағы жер учаскелерін жалға беру туралы» Шарт. 

Бұл Келісім және Шарт Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысымен бекітілген. Екі жақты қатынастардың өзекті мәселелерінің бірі – 4 курорттық-санаторлық кешенге қатысты халықаралық шарттар бойынша қазақстандық тараптың міндеттемелерді орындауы.

- Келісімшартқа сәйкес, біздің тарап бұл нысандарды мүмкіндігінше жыл бойы жұмыс істейтін 3 немесе 4 жұлдызды қонақүйлер деңгейіне жеткізу шараларын қабылдауы тиіс еді. Бірақ келісім талаптары орындалмады. Бұл ретте, келісімде мерзімді ұзарту көзделмеген. Сонымен қатар 2022 жылы екі елдің үкіметтері қазақстандық тараптың міндеттемелерді орындау мерзімдерін ұзарту және инвесторлар тарту мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша хаттама жобаларына «Қазақстан» санаторийіне 4 жұлдызды қонақүй деңгейіне, ал «Университет» лагері мен «Самал» демалыс үйін 3 жұлдызды қоңақүй деңгейіне жеткізу, «Олимп» демалыс базасында спортшылар үшін реконструкциялау жұмыстарын жүргізу бойынша міндеттемелерді белгілеуге келісті. Сондай-ақ хаттамалардың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы Тараптар соңғы хабарламаларды алған күннен бастап бес жыл ішінде міндеттемелерді іске асыру мерзімі белгіленді, - деді министр. 

2024 жылғы 4 желтоқсанда екі елдің Үкіметтері Келісімге және Шартқа түзетулер енгізу туралы хаттамаларға қол қойды. «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңның талабына сәйкес Келісім мен Шарт және оларға Хаттамалар ратификациялауға жатады. 

Бұған дейін хабарланғандай, Қырғызстанда Ыстықкөлді Алматымен байланыстыратын жол ашылды.

Соңғы жаңалықтар