Мәжіліс капиталдың шетелге шығуына тосқауыл қоятын құжатты мақұлдады

мәжіліс
Фото: Kazinform

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Парламенттегі жаңа заң жобасы аясында капиталды заңсыз иемденуге тосқауыл қойылатынын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Жалпы капиталды заңсыз иемдену немесе сыртқа шығаруға қарсы кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Соның аясында трансферттік баға белгілеуді бақылау ескерілген. Бүгін Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы бойынша қосымша делдалдардың пайда болуына шектеу қоямыз», — деді Е. Жамаубаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына. 

Оның айтуынша, мұндай делдалдар көп жағдайда шетелде құрылады.

«Яғни бізден алған шикізаттық тауарларды олар төмен бағамен шығарып, шетелде жоғары бағаға өткізеді. Осыдан алған табысты қалталарына басып келді. Біз осы деректерді салық бойынша тексерулер кезінде анықтадық. Заң жобасын бір жыл бойы бизнестің және мемлекеттік органдардың өкілдерімен талқылап, бұл құжат Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл құжат қабылданса, республикалық бюджетке қосымша 50-100 млрд теңге сомасында қаражат түседі деп санадық. Әрине, заң талаптарын барлығы орындаса, Қаржы министрлігі жағынан ешқандай қудалау болмайды», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Бұл ретте ол аталған әдіспен пайда тауып келгендерді салық саласындағы құпия тәртібі бойынша атай алмайтынын айтты.

«Пайда көрген ұйымдардың атауы бар. Біз салық саласындағы құпия нормасы аясында ол компанияларды атай алмаймыз. Себебі олар өздерінің айыппұлдарын толықтай төледі. Егер олардың атауын жарияласақ, осы компаниялардың репутациясына нұқсан келеді. Бұл компаниялар халықаралық дәрежеде жұмыс істеп жатыр. Осы компаниялар сыртқы трейдерлермен қарым-қатынаста трансферттік баға белгілеу кезінде айырмашылық болған. Мұндай әрекетке қолданыстағы заң мүмкіндік берген, ал енді жаңа заң бойынша осы іс-қимылдар шектеледі», — деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Соңғы жаңалықтар
telegram