Мәжіліс қаруды қылмыстық мақсатта пайдалануды шектейтін заң жобасын талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар күзет қызметі мәселелеріне қатысты заң жобасын екінші оқылымда талқылап, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді қарайды.
Айта кетейік, 5 желтоқсанда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысында бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды. Соған сәйкес, депутаттар қолданыстағы Салық кодексіне коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдарға салық салу мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарайды.
Заң жобасын депутаттар электр және жылу энергиясын, сондай-ақ суды бір мезгілде өндіретін ұйымдарға берілетін мемлекеттік субсидияларды толық пайдалану мақсатымен әзірледі.

Құжатта салық салудың құқықтық негізі белгіленеді және стратегиялық нысанның пайда салығын төмендету көзделген. Нысан – Ақтау қаласын, жақын маңдағы ауылдарды және аймақтағы өнеркәсіптік кәсіпорындарды электр энергиясымен, жылумен, техникалық және ауыз сумен қамтамасыз ететін Маңғыстау облысындағы көп салалы кәсіпорын.
Мұнан бөлек, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын екінші оқылымда қарау ұсынылады. Бұл құжат осы жылдың 2 сәуірінде мақұлданған еді. Түзетулерді Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жарқынбек Амантай таныстырған еді.
Оның айтуынша, түзетулер күзет қызметінің сапасын арттыруға және күзет қызметін кәсіпкерлік қызмет түрі ретінде одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Түзетулердің бірінші блогы осы саладағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру нысандары мен тәртібін жетілдіруге, екінші блогы қару иелері мен күзет қызметімен айналысатын ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған. Енді қару иелері – заңды тұлғалар өз қызметін тоқтата тұрған жағдайда 15 жұмыс күннің ішінде қару мен оның патрондарын ішкі істер органдарына сақтауға тапсыруға міндетті болады. Бұл норма қаруды қылмыстық мақсатта пайдаланбау және ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерді болғызбау үшін енгізіледі.
Бұл ретте жеке күзет ұйымдары өз қызметін тоқтата тұрған, тоқтатқан немесе қайта бастаған жағдайда, сондай-ақ күзет қызметтерін заңды тұлға тіркелген жерден тыс жерде көрсеткен жағдайларда бұл жөнінде уәкілетті органды 5 жұмыс күннің ішінде хабардар етуге міндетті. Бұл бақылау субъектілерінің бақылаушы органның назарында болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар күзет қызметтерінің тізбесі «күзетілетін объектіде өткізу режимін қамтамасыз ету жөніндегі» жаңа көрсетілетін қызметпен толықтырылады. Ол үшін лицензиясы бар қауіпсіздік ұйымдары ғана тартылуы керек.
Сонымен қатар жалпы отырыста 2024 жылдың 29 қазанында Ұлан-Батырда қол қойылған Қазақстан мен Моңғолия үкіметтері арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы ратификациялық келісім қаралады. Құжат екі ел азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарын қамтамасыз етуге, соның ішінде басқа елдің аумағына көшу кезінде қосымша мүмкіндіктер беруге, атап айтқанда, зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде жұмыс тәжірибесін ескеруге және қосуға бағытталған.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар аймақтарға сапарлары кезінде азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың қарау нәтижесі туралы Үкіметтің есебін тыңдады. Сондай-ақ Цифрлық кодекс пен «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңдарды және оларға ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, OPEC халықаралық даму қорымен негіздемелік келісімді ратификациялады.
Үкімет есебін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жария етіп, ел тұрғындары мемлекеттік органдарға қандай мәселелермен жиі жүгінетінін айтты.
— Биыл сайлаушылар тарапынан елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын қамтитын 965 өзекті мәселе көтерілді. Өтініштердің шамамен жартысы нақты секторға қатысты болды. Халық тарапынан ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, табиғи ресурстар, экология және көлік салаларында мәселелер көтерілді. Сұрақтардың 31 пайызы әлеуметтік салаға тиесілі. Бұл — денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мен білім беру, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігі, — деді ол.
Есепті тыңдағаннан кейін Мәжіліс депутаттары Премьер-министрдің орынбасары мен Үкіметтің басқа да мүшелеріне әлеуметтік-экономикалық салаға, инфрақұрылым салуға және басқа да салаларға қатысты сұрақтар қойды. Оның ішінде аймақтардағы оңалту орталықтарының жетіспеушілігі, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту жабдықтарын салу, тегін дәрі-дәрмекпен қамту, сондай-ақ медицина ұйымдарындағы баға саясаты, невролог дәрігерлермен қамтамасыз ету туралы сұрақтар болды. Әсіресе, білім беру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Аудандық деңгейдегі мектептерді қаржыландыру, жасөспірімдерге арналған қосымша білім беруді дамыту, оқу бағдарламаларын оңтайландыру және мемлекеттік гранттар бойынша түлектердің үлгерімін бақылау мәселелері қамтылды.
Депутаттар, сондай-ақ, ауылдар мен шекаралас аудандарда инфрақұрылым салу мен жөндеу, субсидия мен жеңілдетілген несие арқылы фермерлерді, кәсіпкерлерді қолдау шараларын, жер ресурстарын пайдалану және коммуналдық қалдықтарды басқару, сондай-ақ су инфрақұрылымын дамыту мен су тасқынының алдын алу мәселелерін талқылады.

Осыдан кейін депутаттар 2024 жылы 4 қыркүйекте Астанада қол қойылған Қазақстан Үкіметі мен ОРЕС Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру туралы негіздемелік келісімді ратификациялады.
Аталған құжатты Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин таныстырды.
— Жалпы, ОПЕК қоры дамушы елдерге қарыздар мен техникалық көмек арқылы қаржылық қолдаумен айналысады. Қор құрылған сәтінен бастап әлемнің 125 елінде 4 мыңнан астам жобаны іске асыруға 30 млрд доллардан астам қаражат бөлді. Орталық Азия елдеріне 20 жыл ішінде 1,4 млрд доллардан астам қаржы салды. Қордың елде жұмыс істеуі үшін Негіздемелік келісімді ратификациялау міндетті шарт, бұл — оның жарғылық құжаттарында белгіленген стандартты шарт. Қор қызметінің негізгі бағыттары инфрақұрылымды салу және дамыту, климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі шаралар әзірлеу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, энергетикалық ауысуға жәрдемдесу, цифрландыру және инновациялар, ШОБ үшін экономикалық мүмкіндіктер жасау, — деді Азамат Әмрин.
Қор келесі қызмет түрлерін қаржыландыруы мүмкін:
- коммерциялық және инвестициялық банктер, лизингтік және ипотекалық компаниялар;
- ШОБ-қа бағытталған тікелей инвестициялар қорлары;
- ұлттық немесе өңірлік даму қорлары;
- микро-қаржы ұйымдарын қаржыландыруы мүмкін.
Пайыздық мөлшерлемелер жылдық екі жарымнан — бес пайызға дейін құрайды. Жеңілдік кезеңі — 6 айдан 24 айға дейін болады. Қарыз алу мерзімі 22 жылға дейін болуы мүмкін.
Сондай-ақ Мәжіліс «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заң мен ілеспе құжаттарды екінші оқылымда қарап, қабылдады.

Заң аясында атқарушылық құжаттарды жеке сот орындаушылары арасында бөлу тетігі қайта қаралды. Жаңа алгоритм сот орындаушылары арасында барлық санаттағы атқарушылық құжаттарды, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар құжаттарды біркелкі автоматты түрде бөлуді қамтитын болады. Бұл ретте атқарушылық құжатты тікелей жеке сот орындаушысына ұсыну мүмкіндігіне жол берілмейді.
Қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретіндей бүркемелеуге қатысты заң талаптарын бұзу әрекетіне әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Атап айтқанда, құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбауға қатысты заң аясында қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіруге тыйым салу нормалары қабылданды.

Алғаш рет заң талаптарын бұзғаны үшін ескерту жасалады, ал бұл жағдай қайталанса, 10 АЕК сомасында айыппұл салынады.
Депутаттар Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі мен оған ілеспе екі құжатты да қабылдап, Сенат қарауына жіберді.
Кодекс жобасы адам мүдделерінің басымдығына; цифрлық ортада жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге; Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қолжетімділігі шектелмеген цифрлық жазбаларды іздеу, қалыптастыру және беру еркіндігіне; Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қолжетімділігі шектелмеген мемлекеттік цифрлық ресурстар мен жүйелерге қол жеткізу еркіндігіне; жеке және қоғамдық мүдделердің теңгерімін қамтамасыз етуге бағытталған.