Мәжіліс Қатармен арада құқықтық көмек мәселесіне қатысты заң қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан мен Қатар арасында құқықтық мәселелерге қатысты екі құжат қабылданды.

Біріншісі – «Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы. Бұл келісімге 2024 жылғы 14 ақпанда Дохада қол қойылды.
ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, келісім күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеу үшін тиісті іс-әрекеттерді қамтып отыр.
- Мәселен, қамаудағы адамдарды уақытша беру, тінту, банктегі шоттарды анықтау, қажет сараптамалық жұмыстарды жүзеге асыру ескерілген. Бұл іс-қимылдарды жүргізу тетігі Қазақстанның Қылмыстық-процестік кодексінде реттелген. Егер мұндай әрекеттер Қатар мемлекетінде орын алса, онда алдын ала уағдаластыққа сәйкес, біздің құқық қорғау органдарының қызметкерлері осы іс-шараларға толыққанды қатыса алады. Сонымен қатар, құқықтық қызмет көрсетуден бас тарту негіздері де көрсетілген... Осындай келісім қазір 31 мемлекетпен қойылды, - деді ол.
Бұдан бөлек қабылданға екінші құжат - «Қазақстан Республикасы мен Қатар мемлекеті арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы. Келісімге 2024 жылғы 14 ақпанда Дохада қол қойылған.
Ғ. Қойгелдиевтің сөзіне қарағанда, осы құжаттың мақсаты – қылмыс жасап, Қатарда жасырынып жүрген адамды Қазақстанға алып келу.
Келісім экстрадициялауды және одан бас тартуды жүзеге асыруға арналған негіздерді айқындайды, сондай-ақ ұстап беру шарттары мен рәсімдері, ұстап беруді кейінге қалдыру және уақытша ұстап беру туралы ережелерді қамтиды. Тараптардың өз азаматтарын ұстап беруі көзделмейді. Іздеуде жүрген адамдарды алдын ала қамауға алу тәртібі, сондай-ақ қылмыс нәтижесінде алынған немесе дәлел бола алатын заттар мен құжаттарды алу және беру мәселелері регламенттелген. Келісімді ратификациялау Тараптардың құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге және жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы ҚР мен РФ-ның біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.