Мәжіліс Қазақстан мен Литва арасындағы құқықтық көмек туралы шартқа өзгерістерді қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Литва арасындағы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы заң жобасын қабылдады. Құжат Сенат қарауына жіберілді.

Сенат Салық кодексін Мәжіліске қайтарды
Фото: atr.kz

ҚР Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, бұл хаттама құқықтық көмек көрсету кезінде қатынастарды жүзеге асыратын тараптардың құзыретті мекемелерін айқындау өкілеттіктерін ұлттық деңгейге беру жөнінде шарттың 4-бабын өзгертуді көздейді.

«Хаттаманы ратификациялау Қазақстан мен Литва азаматтарының құқықтарын қорғауға бағытталған азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді», - деді Әділет министрі Мәжілістің жалпы отырысында.

Аталған заң жобасы 2023 жылғы 4 шілдеде Мәжіліске енгізілген.

«Жұмыс тобында мұндай түзетулер өзара көмек туралы бірнеше ұқсас шарттарға енгізілетіні талқыланды, өйткені ұлттық заңнама, мемлекеттік органдардың құзыреті, олардың атаулары өзгеріп отырады. Бұл жағдайда Әділет министрлігі мен Бас прокуратура туралы айтылды, өйткені ұлттық қылмыстық процестік және азаматтық процестік заңнамаға түзетулер енгізілді. Себебі 2010 жылдан бастап соттардың тапсырмалары бойынша құқықтық көмек көрсету функциясы ҚР Жоғарғы сотына беріліп, бекітілді», - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Асқар Садықов.