Мәжіліс Кипрмен арада сотталған адамдарды беруге қатысты заңды қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

Түрме
Фото: Kazinform

Келісімге 2024 жылғы 25 наурызда Астана қаласында қол қойылды.

— Еске салсақ, бұған дейін Кипрмен арада құқықтық көмек және ұстап беру туралы келісімшартты ратификацияладық. Осы орайда бүгін қаралып отырған келісім арқылы Кипрмен қылмыстық іс жүргізу саласы бойынша толыққанды құқықтық базаны қалыптастырамыз. Бұл құжаттың маңызы зор. Әлеуметтік тұрғыдан қарасақ, шетелде сотталған Қазақстан азаматтарын елімізге әкелуге, туыстарынан қол үздірмей, қоғамға тез бейімделуге оң ықпал етеді, — деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары Кипрмен арада қарым-қатынас қарқынды түрде дамып келеді. Соның ішінде сауда-экономикалық, бизнес, туристік салалар қамтылған.

— Кипрде отандасымыз қандай да бір құқық бұзып, сотталса, онда осы құжат аясында оның қалған уақытын Қазақстанда өтеуге мүмкіндік жасалады, — деді Бас прокурордың орынбасары.

Атап айтқанда, сотталған адамдарды беру үшін үш негізгі шарт сақталуы тиіс:

— сотталған адамның екі елдің біреуінің азаматтығы болуы тиіс;
— сотталған адамның беру туралы ерікті келісімінің болуы;
— сотталған адамның іс-әрекеті екі елде де қылмыс деп танылуға тиіс.

Беруден бас тарту мына себептер бойынша мүмкін:

— егер Үкім шығарушы тарап беруді өзінің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін деп есептесе;
— сотталған адам үкім бойынша залалды өтемесе;
— Үкім шығарушы тарапта сотталған адамға қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылса.

Еске салсақ, былтыр наурыз айында Астанада Кипр Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.

Соңғы жаңалықтар