Мәжіліс Қырғызстанның қосылуына байланысты ЕАЭО шартына өзгерістерді ратификациялады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа енгізілген өзгерістерді ратификациялады, деп хабарлайды Kazinform.

заңнама
Фото: Kazinform

«Сіздердің қарауларыңызға «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы енгізіледі», - деді заң жобасын таныстырған Үкімет басшысының орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Оның атап өтуінше, Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа өзінің қосылуы жөніндегі өтпелі ережелерге сәйкес, 24 ай ішінде одақтың кедендік шекарасындағы Қырғыз Республикасының барлық өткізу пункттерін жайластыруды және материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз етуді міндетіне алды.

«Бұл ретте, Хаттама үш рет ұзартылды. Дегенмен, Қырғыз Республикасы көрсетілген мерзімдерде де орындамады. Сондықтан 2023 жылғы 25 мамырда Мәскеу қаласында Мемлекет басшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы шеңберінде төртінші рет «96 айдан» «108 айға» өзгеріс енгізу туралы хаттамаға қол қойды, яғни 2024 жылғы 12 тамызға дейін ұзартылады. Қазіргі таңда 13 өткізу пункті толығымен жаңғыртылды. Бірақ қырғыз-тәжік шекарасындағы 1 өткізу пункті бойынша жұмыс аяқталған жоқ», - деді ол.

Ерұлан Жамаубаевтың атап өтуінше, хаттаманы ратификациялау еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді.

Соңғы жаңалықтар