Мәжіліс күзет ұйымдарының қолындағы қару-жарақ айналымын реттейтін заң жобасын мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс заңнамаға күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуге арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

— Заң жобасында ұсынылып отырған норма бойынша уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері күзет қызметі мен мамандандырылған оқу орталықтарының қызметін тексеру арқылы бақылайтын болады. Яғни қолданыстағы күзет ұйымдарының жұмысын бармай-ақ бақылау тетігі алынып тасталады. Нысанға бармай-ақ тексеру тетігі тек күзет дабылын монтаждап, баптайтын техникалық қызмет ұйымдарына ғана жүргізіледі, — деді Жарқынбек Амантайұлы.
Заң жобасының екінші блогы қару иелері мен күзет ұйымдарына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған.
— Қару иелері үшін жаңа міндеттер енгізіліп отыр. Енді қару иелері — заңды тұлғалар өз қызметін тоқтата тұрған жағдайда 15 жұмыс күннің ішінде қару мен оның патрондарын ішкі істер органдарына сақтауға тапсыруға міндетті болады. Бұл міндет азаматтық және қызметтік қаруды пайдаланушыларға атыс даярлығы бойынша практикалық сабақтар жүргізетін мамандандырылған оқу орталықтарға да қатысты болады. Осылайша, бұл норма қаруды қылмыстық мақсатта пайдаланбау және ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерді болғызбау үшін енгізіледі, — деді депутат.
Ресми мәлімет бойынша, елдегі күзет ұйымдарының қолында 22 мыңнан астам қару бар.