Мәжіліс «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

заңнама
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің жалпы отырысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы және оған ілеспе құжаттардың жобалары бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасының негізгі мақсаты - мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру. Құжат сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлатуға және одан әрі автоматтандыруға, бірыңғай сатып алу платформасын құруға арналған.

Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, заң жобасында ең алдымен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру көзделеді. Біріншіден, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректерін кеңінен пайдалану арқылы,өнім берушіні таңдаудың бағаға қатысты емес өлшемшарттары дамытылады. Екіншіден, құрылысқа байланысты жұмыстар бойынша қоғамдық мониторинг енгізіледі.

Үшіншіден, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілерді ескере отырып сатып алуға негізделген «Орнықты мемлекеттік сатып алу» элементтерін енгізу көзделеді. Төртіншіден, сапалы тауарларды сатып алуға ынталандыру мақсатында өмірлік цикл құнының есептемесін қолдана отырып, өткізілетін сатып алуларды одан әрі дамытылады.

«Бұдан басқа, сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыру мақсатында Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына сәйкес, мемлекеттік сатып алу жүйесіне «толық аяқталған» құрылыс тетіктерін, офтейк-келісімшарттар жасасу арқылы тауарларды сатып алу, сондай-ақ өнім берушілердің жауапкершілігін күшейту мәселелері пысықталуда», - деді Мәди Тәкиев.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, заң жобасы аясында сатып алу рәсімдерін оңайлату және бюрократиядан арылту, құрылыс нарығын монополиядан арылту, сатып алу рәсімдерін одан әрі автоматтандыру, сатып алу бойынша бірыңғай платформа құру жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар