Мәжіліс онлайн-платформалардың сайлау науқанына қатысуын реттейтін заңды Сенатқа жолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс сайлау заңнамасы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексін жетілдіруге арналған заңдарды қабылдады.

Мәжіліс онлайн-платформалардың сайлау науқанына қатысуын реттейтін заңды Сенатқа жолдады
Фото: Белта

Құжатты таныстырған депутат Үнзила Шапақ бұл заң жобалары сайлау заңнамасы мен Әкімшілік кодексті Конституцияның жаңа нормаларымен сәйкестендіруге бағытталғанын айтты.

— Бірінші заң жобасында инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін Бас Прокурорға Инвестициялық омбудсмен өкілеттері беріледі. Аймақтарда ондай міндет облыс прокурорларына жүктеледі. Олар инвестор қызметіне қатысты актілерге құқықтық баға береді, инвестор құқығын қорғау мақсатында сотқа жүгінеді. Екінші заң жобасында онлайн-платформалардың сайлау заңнамасы талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізу, сондай-ақ кандидаттардың сайлау қорларынан тыс қаржыландыруды немесе өзге де материалдық көмекті қабылдағаны үшін жауаптылық белгілеу ұсынылады. Бұл нормалар сайлау науқанының ашықтығын қамтамасыз етуге және барлық кандидаттар үшін тең жағдай қалыптастыруға бағытталған, — деді депутат.

Сондай-ақ, бүгін нотариустарды лицензиядан айыру тетіктерін кеңейтетін заң жобасы мақұлданды.