Мәжіліс Ресейден мұнай өнімдерін жеткізуге қатысты құжатты қабылдады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңы қабылданды, деп хабарлайды Kazinform.
Мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттамаға 2022 жылғы 18 шілдеде Мәскеуде қол қойылды.
Хаттаманың негізгі мақсаты – Келісімнің 3-бабындағы РФ-те Ресей мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасына жеткізу кезінде уақытша мерзімді кедендік декларациялауды қолдануды алып тастау.
Хаттамаға сәйкес Келісімнің 3-бабының екінші абзацы мынадай редакцияда жазылды: «2022-2024 жылдары мұнай және мұнай өнімдерін құбыржол көлігімен әкетуді қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының 27-тобында сыныпталатын, Ресейден Қазақстанға әкетілетін мұнай және мұнай өнімдері есепке алу мақсатында Ресей Федерациясының заңнамасында белгіленген уақытша мерзімдік кедендік декларациялауды қолданбай, ЕАЭО-ның кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетілгендей Ресей Федерациясында кедендік декларациялауға жатады».
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Ресей мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасына жеткізу кезінде уақытша мерзімді декларацияны қолдануды жою қазақстандық кәсіпкерлерге сатушыны, жеткізу шарттарын және тиісінше олар үшін қолайлы бағамен таңдауға мүмкіндік беріп, оң әсерін тигізеді.