Мәжіліс шетелдік банк филиалын ашу талабын жеңілдететін заң жобасын мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс заңнамаға қаржы нарығында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуге арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова таныстырды.
Құжатта мынандай жаңашылдықтар бар:
- қаржы ұйымының басшылық лауазымына кандидатты келісу кезінде жұмыс өтілі ескерілетін ұйымдардың тізбесін кеңейтілмек;
- жанама банк холдингтерінің өз басшы қызметкерлерін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу міндетін алып тастау ұсынылып отыр;
- уақытша болмаған басшы қызметкердің міндеттерін атқарудың ықтимал мерзімін регламенттеу көзделген;
- цифрландыруды дамытуға байланысты өзектілігін жоғалтқан талаптарды оңтайландыру жоспарланған.
«Түзетулердің бірінші бөлігі Қазақстан шетелдік банктерді ашу талаптарын ырықтандыруға, қаржы ұйымдарының басшы қызметкерлеріне рұқсат беру рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған. Мемлекет басшысы елімізге үш сенімді шетелдік банкті тарту туралы міндет қойды. Қазіргі уақытта инвесторларға еншілес ұйымды немесе филиалды ашуға рұқсат беру процесі екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – рұқсат беру, екіншісі – лицензиялау. Осы орайда шетелдік банктерін филиалын ашуға қажетті құжаттардың тізімін қысқарту ұсынылып отыр. Құжаттар саны шетелдік бас компанияның рейтингіне байланысты болады. Қазір 24 құжат болса, банктің рейтингіне қарай 17 құжатқа немесе 87 құжатқа дейін қысқартылады. Сонымен қатар шетелдік банктің активтеріне қойылатын талаптар 20 млрд доллардан 10 млрд долларға дейін төмендетіледі. Бұдан басқа шетелдік банк филиалдарына рұқсат етілген қызмет түрлері кеңейтіледі», - деді Мәдина Әбілқасымова.