Мәжіліс сыртқы саудаға қатысты заңды қабылдады

мәжіліс
Фото: Kazinform

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразия экономикалық одағы туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялайтын заң қабылданды, деп хабарлайды Kazinform.

Хаттамаға 2022 жылғы 31 наурызда Мәскеу қаласында қол қойылды.

«Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа барлығы 106 түзету енгізіледі. Түзетулер техникалық реттеуге, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық шараларға, макроэкономикалық саясатқа, көлікке, жанама салықтар салуға, сыртқы сауда саясатына қатысты. Біріншіден, ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттегі педагогика және заңгер қызметі бойынша қызметкерлер үшін білім туралы құжаттарды растау талаптары алынып тасталады. Бұл осы санаттағы еңбек мигранттарының еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Екіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ органдары қабылдаған актілерінің іс жүзіндегі әсерін бағалауды жүргізу механизмі енгізіліп жатыр. Қазір ЕАЭО органдары актілерінің жобаларына реттеуші әсерді бағалау ғана жүргізіліп отыр. Мұндай актілерді қабылдамас бұрын, алдында олардың бизнеске қандай да бір әсері бағаланады. Жаңа тетік Комиссияның қабылданған шешімдеріне қатысты іс жүзіндегі әсерді бағалайды. Қажет болған жағдайда, қолданыстағы шешімді қайта қарап, өзгерістер жасауға қорытынды бере алады», - деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Сонымен қатар ол демпингке қарсы қайта тергеу механизмі ескерілгенін айтты.

Демпингке қарсы шаралар арзан импортқа әсер етпесе, қайта тергеу жұмыстары қарастырылады.

«Мұнымен қоса, бәсекелестік қағидаларын сақтау саласында Комиссия шешімдерін орындамаған жағдайда, айыппұл енгізу ескерілген. Бұдан бөлек, фитосанитариялық сертификаттар мен мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді электрондық түрде ресімдеу мүмкіндігіне жол беріледі. Бұрын тек қағаз жүзінде ғана мүмкін болатын. Сонымен қатар, «өнімнің шыққан жерінен дүкен сөрелеріне» дейінгі жеміс пен көкөністердің тауарлар партиясын цифрлық қадағалау механизмі енгізіліп жатыр. Оған біз ұлттық ақпараттық жүйелер арқылы кіретін боламыз. Барлық ақпарат электронды түрде болғандықтан, біздің кәсіпкерлердің өнімдеріне Еуразиялық экономикалық одақтың Фитосанитариялық органдарының сенімі артатын болады», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum