Мәжіліс төрағасының орынбасары банктердің негізгі кемшілігін атады
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа заң жобасында банк қызметтерін сапалы ететін тетіктер қарастырылған. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева мәлім етті.
- Президент биылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Заңды осы жылдың соңына дейін қабылдауды тапсырды. Бұл ретте, бәсекелестікті күшейту және нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, сондай-ақ қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру жөнінде қосымша міндеттер қойылды. Айта кету керек, тек қана соңғы 5 жылда Банктер туралы Заңға 31 заңмен өзгеріс енгізілді. Оның ішінде, осы сайланым аясында ғана біз бірлесіп 800-ден астам түзету енгіздік, сол арқылы қарыз алушылардың құқықтары күшейтіліп, банктер мен ұялы байланыс операторларының жауапкершілігі артты. Олар қарыз алушы азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға, қарыз жүктемесін азайтуға және несиелік алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған, - деді Д. Еспаева Парламент Мәжісінде банк қызметі туралы заң жобасының таныстырылымы кезінде
Осы орайда ол қаралып отырған заң жобасында басқа да негізгі міндеттер шешімін табатынын жеткізді. Атап айқанда, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту үшін жағдай жасалады, бұл бәсекелестікті күшейтіп, банк қызметтерін сапалы етеді және экономиканың нақты секторын қаржыландыруға екінші деңгейдегі банктердің қатысуын қамтамасыз етеді.
- Банктердің нақты секторға несие бөлуге қатысу деңгейінің төмендігін Стратегиялық жоспарлау агенттігінің деректерінен байқауға болады. Мәселен, Қазақстанда 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция 19,4 трлн теңгені құрады. Қаржыландыру көздерінің құрылымында инвесторлардың меншікті қаражаты басым, яғни 64% немесе 12,5 трлн теңге. Бюджет қаражатының көлемі 4,1 трлн теңгені (21,2%), тартылған қаражат 2 трлн теңгеге (10,6%) жетті, оның ішінде банктерден алынған несиелер небәрі 3,8% немесе 741 млрд теңгені құрайды. 10 жыл ішінде қарыз қаражатының үлесі 3 есеге (31,4-тен 10,6%-ға дейін) азайды. Осылайша, екінші деңгейлі банктердің негізгі қорларға несие бөлуге қатысу деңгейінің төмендігі байқалып отыр, - деді депутат.
Еске салсақ, биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев банктер туралы заңды 2025 жылдың аяғына дейін қабылдау керек екенін атап өтті.