Мәжіліс түркі мемлекеттері арасындағы жүк тасымалы келісімін ратификациялады

мәжіліс
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің жалпы отырысында «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қабылданды.

«Сіздердің қарауыңызға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы ұсынылады. Келісім, әртүрлі көлік түрлерін пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымалдарын жеңілдетуге, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы транзиттік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған», - деді Көлік министрі Марат Қарабаев Мәжілістің жалпы отырысында. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы жүк тасымалдау көлемі 35 млн тоннаға жеткен. 

«Келісімді қабылдау Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалдау көлемін одан әрі арттыру үшін алғышарттар жасап, елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға оң әсерін береді. Келісімнің нормаларын іске асыру мақсатында Түркі елдері арасындағы тасымалдауды дамыту жөніндегі бірлескен комитет құрылады. Заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды қажет етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық салдарларға әкеліп соқпайды», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар