Мәжіліс жаңартылатын энергия көздеріне қатысты заңды қабылдады

жалпы отырыс
Фото: parlam.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Аталған заңға Парламент депутаттары бастамашылық жасап, осы жылдың 13 наурызында Парламент Мәжілісі бірінші оқылымда мақұлдады.

«Заң жобасының негізгі нормаларына тоқталсақ, «жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын ауқымды объект» ұғымын енгізуге бағытталған. Сонымен қатар, құжатта уәкілетті органның электр желілеріне қосу және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын ауқымды объектілерді пайдалану қағидаларын әзірлеу жөніндегі құзыретін бекітуге арналған. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша шағын ауқымды объектінің белгіленген қуатын 100-ден 200 киловатқа дейін ұлғайту ескерілген», - деді Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов.

Заң жобасын екінші оқылымға дайындау кезінде депутаттар келесі түзетулерді ұсынды:

- энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың жиынтық қуаты 10 мегаваттан аспайтын, 2023 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген су электр станциясынан электр энергиясын басымдықпен сатып алуды жүзеге асыру;

- жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласында мемлекеттік реттеу.

«Заң жобасын қарау аясында таныстырылым, он жұмыс тобының отырысы және Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің екі кеңейтілген отырысы өткізілді. Жұмыс тобы мүдделі мемлекеттік органдар, ведомстволар, қауымдастықтар өкілдері мен жаңартылатын энергия көздері нарығына басқа қатысушылардың қатысуымен 60-тан астам түзетулер қаралды. Парламент Мәжілісінің комитеттері осы Заң жобасы бойынша оң қорытындылар ұсынды», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар