Мәжіліс Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін тыңдайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар Жоғары аудиторлық палата төрағасының Денсаулық сақтау министрлігінің ел тұрғындарын дәрілік заттармен қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит бойынша есебін тыңдайды. Мұнан бөлек, бірқатар заң жобасын талқыға салады.

Мәжіліс Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін тыңдайды
Коллаж: Kazinform/Freepik/Zakon.kz

2 маусымда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен бюро отырысында бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланған еді.

Сонымен, отырыста депутаттар Жоғары аудиторлық палата төрағасының «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының халықты және денсаулық сақтау объектілерін дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігіне аудит жүргізу» тақырыбындағы есебін тыңдайды. Депутаттар алдына палата төрағасы Әлихан Смайылов шығады.

Байқоңыр
Фото: Қызылорда облыстық коммуникация қызметі

Мұнан бөлек, 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы қаралады. Түзетулер ұшу сынақтарының басталу мерзімін 2023 жылдан 2025 жылға ауыстыруды, сондай-ақ 2028 жылдан 2039 жылға дейін «Бәйтерек» кешенінен ұшырулар санын жылына екі реттен үш ретке дейін арттыруды және басқа да бірқатар түзетуді қарастырады.

Екінші оқылымда орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарау да жоспарланып отыр.

Жалпы отырыс барысында бейінді комитеттер жаңа заң жобаларын жұмысқа алатын болады. Сондай-ақ депутаттар Үкімет мүшелеріне депутаттық сауалдар жолдауы мүмкін.

28 мамырда өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар төрт заңды екінші оқылымда қабылдады. Олар:

  • Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы
  • Ішкі істер органдарының қызметіне қатысты
  • Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша
  • Астана мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту туралы заңдар.

Бірінші оқылымда мақұлданған қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимылды көздейтін заң жобасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілет аясын кеңейтіп, коммерциялық емес ұйымдардың күдікті операцияларын талдап, мониторинг жүргізуге міндеттейді

Жеңіс Елемесов
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Бұдан басқа ұялы байланыс операторлары мен Азаматтарға арналған үкімет қаржылық мониторингтің жаңа субъектілері болады. Ұялы байланыс операторлары мобильді теңгерімді толықтыру туралы, ал Азаматтарға арналған үкімет нотариустардағы мәмілелерге ұқсас жылжымайтын мүлік пен 50 млн теңгеден астам сомаға жасалатын мәмілелер туралы ақпарат беретін болады. Бұл нормалар күдікті операцияларды тиімдірек анықтап, жолын кесуге ықпал етеді, - деді құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов.

Ал екінші оқылымда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы — соңғы жылдардағы ең ауқымды және мазмұндық жағынан күрделі өзгерістерді қамтитын бастама.

Заңның негізгі бағыттары:

I. Азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейту

  • Экономикалық даулар бойынша қылмыстық істерді негізсіз тіркеуді жою.
  • Істерді қосымша тергеу үшін прокурорға қайтаруға тыйым салу.
  • Кәсіпкерлік қызметті тексеруді прокурордың міндетті түрде бекітуі.
  • Тінту және тәркілеу санкцияларының ақылға қонымды мерзімдерін белгілеу.
  • «Қорғауға құқығы бар куәгерді» қорғау.
  • Экономикалық қылмыстар үшін бас бостандығынан айырудың орнына бірнеше еселенген айыппұлдарды енгізу.

II. Қылмыстық процестің бәсекелестік сипатын күшейту

  • Адвокаттардың құқықтарын кеңейту (қорғау актісі, іс материалдарымен танысу).
  • Сотқа балама қорғау позициясын ұсыну мүмкіндігі.

III. Қылмыстық іс жүргізуді оңтайландыру

  • Прокурордың резолюциясы бойынша (жеке қаулысыз) сотқа тарту.
  • Қашықтан беттестіру (онлайн тәртіпте цифрлық технология арқылы) мүмкіндігі.
  • Жәбірленушінің орналасқан жері бойынша тергеу жүргізу (Интернет қылмыстар бойынша).

Айта кетерлігі, заң жобасын жұмыс тобының отырыстарында қарау барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары мынадай бірқатар түзету енгізген еді:

  • өмір бойына бас бостандығынан айыру қолданылмайтын адамдар санаттары кеңейтілді;
  • некеге тұруға мәжбүрлегені үшін, сондай-ақ «дроперлік» (кибер-алаяқтықты жүзеге асыру мақсатында алаяқтар үшін жалған төлем дроп-карталарын ұсыну) үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді;
  • өздеріне қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылуы мүмкін адамдардың тізбесі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған адамдармен толықтырылды;
  • шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптерді сату не тарату мақсатында сақтағаны, жөнелткені және тасымалдағаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленді.

Осы орайда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың қоғам үшін маңызы зор заңды қабылдағанын атап өтті. Ол некеге тұруға мәжбүрлегені үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған жаңа нормаға ерекше тоқталды.

Қошанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

- Соңғы кездері қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, дәріптеу әрекеттері жиілеп барады. Бұл – шын мәнінде, адамның құқығы мен еркіндігін өрескел кемсіту. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде: «Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек» деген болатын, – деді Ерлан Қошанов.

Депутаттар екінші оқылымда қабылданған келесі құжат - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы

Бұл заңның мынадай жаңашылдықтары бар:

  • 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін қайтыс болған құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың қайтыс болған қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасы мүшелері біржолғы жәрдемақы төлемдеріне қосымша ретінде ай сайынғы алады;
  • Қазақстанда техникалық сора (канабис) саласында өндірісті дамытуға отандық және шетелдік инвесторларды тарту және ел экономикасын дамыту мақсатында өсіруге рұқсат етілген сора өсімдіктері сорттарын, өсіруге рұқсат етілген канабис өсімдігіндегі тетрагидроканнабинолдың құрамын анықтау, сондай-ақ сора (канабис) өсімдіктерінің сорттарын өнеркәсіптік қайта өңдеу жөніндегі мәселелер реттеледі;
  • мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде кейбір адамдарды дактилоскопиялық тіркеуден өтуден босатуға қатысты түзетулер енгізіледі;
  • қоғамдық орындарда бет жүзін тануға кедергі келтіретін заттарды қолдануға тыйым салынады;
  • «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға «дала төлемдері» деген ұғым енгізіледі.

Мәжіліс Астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту тұрғысынан жетілдіруді көздейтін заңды да қабылдады. Бұл заң республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының құзыреттерін кеңейтуге бағытталған. Оның ішінде тұрғынжай реновациялау бағдарламасын бекіту, аумақтарды абаттандыру, сауда, медициналық, қонақүй және өзге де қызметтер көрсету қағидаларын бекіту мәселелерін қамтитын нормалар бар. Құжат Астана мен республикалық маңыздағы қалаларда қоғамдық көлікке қолданылатын тариф саясатын әзірлеуді де көздейді.

Мәжіліс
Фото: Мәжіліс

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 10 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің атына депутаттық сауал жолдап, Өзбекстан мен Қырғызстанның Қазақстан бидайының экспортына қандай тосқауыл қойып отырғанын мәлімдесе, депутат Ерлан Барлыбаев Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында квазимемлекеттік компаниялардың құрылыс компанияларымен бәсекеге түсуіне шектеу қоюды ұсынды

Соңғы жаңалықтар