Мәжілісте бүгін қандай заң жобалары талқыланады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар 3 заңды бірінші оқылымда, ал 2 заңды екінші оқылымда талқылайды.

Атап айтқанда, депутаттар бірінші оқылымда «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» заң жобасын талқылайды. Баяндамашы - Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Жаңа заң жобасы Үкіметпен нысаналы капитал қорлары мен эндаумент-қорларды құру және олардың қызмет етуінің құқықтық негізін қалыптастыру үшін әзірленген. Эндаумент-қорларды басқару үшін инвестициялық табыс пен меценаттық қызмет нысандарын қаржыландыруды қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйым ретінде мақсатты капитал қор құру ұсынылады. Осы заң жобасына ілеспе ретінде Азаматтық кодекске, «Білім туралы», «Қайырымдылық туралы» және «Ғылым мен технологиялық саясат туралы» заңдарға өзгерістер енгізу қарастырылған.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нысаналы капитал қорларының (эндаумент-қорлардың) қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы туралы да Ғылым министрі баяндайды.
Жалпы отырыста депутаттарға ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда қарау ұсынылады. Аталған заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 13 сәуірдегі «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатымен әзірленген. Өзгерістер қолданыстағы 16 заңға енгізіледі. Бұл заң жобасы бойынша депутаттар алдына Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Санжар Әділов шығады.
Сонымен қатар күн тәртібінде «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс туралы» заң жобасы да бар. Бұл құжатпен аумақтық қорғаныстың құқықтық негіздері, оның мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары, мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың өкілеттіктері мен жауапкершілігі айқындалады. Заң жобасын депутаттар екінші оқылымда қарайды. Баяндамашы - Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Максим Рожин. Ол «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының екінші оқылымы кезінде әріптестерінің алдында сөз сөйлеп, сауалдарына жауап береді.
Жалпы отырысқа жоғарыда аталған министрлерден бөлек өзге де ведомстволардың вице-министрлері, орынбасарлары келеді. Олар жалпы отырыс аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап береді.

Айта кетейік, өткен аптаның сәрсенбісі күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар жаңа Салық кодексін талқыға салған еді. Құжатты депутаттарға Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырған болатын. Құжат жобасын 4 сағат бойы талқылаған депуттардың басым көпшілігі жаңа редакцияны бірінші оқылымда қолдап дауыс берді. Қалыс қалғандар саны – 9, қарсы болғандар – 7, 1 депутат дауыс бермеді.
ҚҚС салынатын айналымның төменгі шегі 40 млн теңге болуы мүмкін.
Осы шешімнің аясында Үкімет жеке кәсіпкерлікті тіркеу рәсімін қатаңдатпақ.
Сондай-ақ, ол сән-салтанат салығы кімдерге салынатын айтты. Нақтырақ айтсақ, құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік иелері ұлғайтылған салық төлейді.
Ал жылдық табысы 33,4 млн теңгеден асатын азаматтар табысының 15 пайызын салыққа төлеуі мүмкін.
Ұсынылып отырған реформа бойынша, салық есебін тапсыратындар саны 30 пайызға қысқармақ.