Мәжілісте көкпарға арналған қауіпсіздік стандартын заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылды
АСТАНА.KAZINFORM – Қауіпсіздік талабын сақтамай немесе рұқсатсыз көкпар өткізген ұйымдастырушының жауапкершілігін күшейту қажет. Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінде депутат Болат Керімбек ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.
Оның сөзінше, ұлтымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көкпар ойыны – ұлттық рух пен болмыстың, ұлттық сананың ажырамас коды. Бүгінде жаппай көкпардың ауқымы кеңейіп, халық қызығушылығы жоғары мәдени-спорттық іс-шараның біріне айналды.
– Әсіресе, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Алматы облысында жаппай көкпар кең таралған. Осы өңірлерде өткен жылдың қараша-желтоқсан айында 130-ға жуық, биылғы наурыз-сәуірде 80-нен астам ресми ойын тіркелді. Бұл – есепке алынған жарыстар қана. Бұдан бөлек, ас пен той аясында өткізілген бақылаусыз көкпар да аз емес. 2025 жылдан бастап бұл саланы реттеу бағытында бірқатар шара қабылданып, «Жаппай көкпар» федерациясының қызметі жанданды. Алайда іс жүзінде ортақ ереже сақталмай келеді. Көп жағдайда ойын барысында күш көрсету алдыңғы орынға шығып, федерацияның үйлестіру жұмысының әлсіздігін байқатады, – деді Болат Керімбек.
Сонымен қатар қатысушының жас ерекшелігі ескерілмейді, олардың саны да шектелмейді. Кей жағдайда 400-500 адамнан бастап 1500-2000 көкпаршыға дейін қатысатын ойын өтеді. Мұндай жағдайда спорттық тәртіп пен қауіпсіздік талабын сақтау қиын.
Көкпар жылқысын баптау мен пайдалану тәртібі де нақты реттелмеген. Атқа күш қолдану, допинг пайдалану, әдейі соқтығысу дерегі жиі кездеседі.
Соңғы оқиғалар жаппай көкпар өткізу кезінде қауіпсіздік, ұйымдастыру және бақылау мәселесінің өзектілігін көрсетті. Қатысушылар денсаулығына қауіп төнуі мен жылқының жарақат алуы ықтимал болғанына қарамастан, медициналық көмек көрсету тәртібі толық реттелмеген.
– 2026 жылғы 26 мамырда Ақмола облысы Целиноград ауданында көкпар жаттығуы кезінде 14 жастағы жасөспірім аттан құлап, ауыр жарақат алып, көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, шара жергілікті тұрғын бастамасымен ресми келісімсіз ұйымдастырылған, қатысушы спорт секциясында тіркелмеген, қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселесі ашық қалған. Қазіргі уақытта осы факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл жағдай ұйымдастырушы жауапкершілігін нақтылаудың, медициналық және ветеринарлық сүйемелдеудің бірыңғай стандартын енгізудің, рұқсатсыз өткізілетін ойынға бақылауды күшейтудің маңызын көрсетеді, – деді депутат.
Осыған байланысты Болат Керімбек Үкіметтен Жаппай көкпарға арналған қауіпсіздік стандартын заңнамалық деңгейде бекітіп, қатысушы санына, медициналық және ветеринарлық бақылауға міндетті талап енгізуді сұрады.
Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, жергілікті атқарушы орган және федерация арасындағы құзыретті нақтылауды, қауіпсіздік талабын сақтамай немесе рұқсатсыз көкпар өткізген ұйымдастырушының жауапкершілігін күшейтуді ұсынды.
Айта кетейік, бұған дейін көкпар ойыны кезінде Ақмола облысында жасөспірім қаза тапқанын жазғанбыз.